Астанада күн сайын жарты миллионнан астам көлік жүреді
«Бүгінгі таңда Астанада 430 мың автокөлік бар, күн сайын қалаға қосымша 90 мың көлік келеді. Осыған байланысты көлік өрті бойынша жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Ұзақ уақыт бойы механизмдері мен электр жабдықтарының ақаулары бар автокөлік құралдарын пайдалану, сондай-ақ әртүрлі қосымша электр жабдықтарын рұқсатсыз пайдалану қызып кетуге, электр жабдықтарының қысқа тұйықталуына әкеледі де, салдарынан өрт шығуы ықтимал», - деп мәлім етті Еркін Отарғалымұлы.
Төтенше жағдайлар департаменті жүргізген талдауға сәйкес, 10 және одан да көп жыл қолданыста болған көліктер жиі өртенеді.
«2018 жылдан бастап қала аумағында 1023 көлік өрті тіркелді. Аталған кезеңде қоғамдық көліктегі 36 өрт тіркелді. Төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында автопарк басшылары мен жауапты лауазымды тұлғалар қаладағы қоғамдық көліктердің техникалық жай-күйіне бақылауды күшейтуі қажет», - деп түйіндеді Еркін Отарғалымұлы.