Астанада лаңкестік әрекеттерді қаржыландыруға қарсы күрес мәселесіне арналған халықаралық конференция жұмысын жалғастыруда
Бүгін жиынға қатысушылар тәжірибелік тренингтер мен түрлі ойындар ұйымдастырмақ. Олар ядролық терроризмге қарсы тұру мәселелерін қамтиды. Жиынға қатысушылар онда лаңкестікке қарсы тұру мәселелері бойынша өзара тәжірибе алмаспақ. Осыған орай аталмыш шараларға арнайы қызмет өкілдері, дипломаттар мен терроризмге қарсы тұру саласындағы сарапшылар қатысуда. Ал тәуліктің екінші жартысында жиынға қатысушылар конференцияны қорытындылайды.
Айта кетейік, бұл конференцияны ұйымдастыру мен ядролық терроризмге қарсы тұру бағытындағы аталмыш бастаманы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген. Бұл Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік мәселелеріне арналған жиында айтылған мәселелердің жалғасы іспеттес.
Естеріңізге сала кетейік, 2006 жылы АҚШ пен Ресей «Ядролық терроризмге қарсы күрес» жаһандық бастамасын көтерді. Аталмыш жүйе ядролық қарудың лаңкестердің қолына түспеуін қарастыратын халықаралық деңгейдегі көпдеңгейлі қорғаныс жүйесі болып табылады. Ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан аталмыш жүйені ядролық қаруға қарсы тұру мақсатындағы тиімді жүйе ретінде қарастырады. Бұған қазіргі таңда 82 мемлекет мүше.