18:35, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Астанада мәдениет пен өнерді одан әрі қолдау шаралары талқыланды
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Астанада Ұлттық академиялық кітапханада «Мәдениет пен өнерді қолдау – «Нұр Отан» ХДП маңызды басымдықтарының бірі» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Нұр Отан» ХДП бағдарламалық нұсқауларын жүзеге асыру ауқымында ұйымдастырылған шара «Мәдениет туралы» ҚР Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ҚР Заңының жобасын және тұтастай алғанда елімізде мәдениетті дамыту перспективаларын талқылауға арналды. «Дөңгелек үстелге» ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Мәдениет және ақпарат, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің мамандары, сондай-ақ елорданың бірқатар мәдениет мекемелерінің өкілдері қатысты. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл ұсынылып отырған түзетулердің негізгі мақсаты ұлттық мәдениетті, әдебиетті, кинематографты, мұражай және кітапхана ісін одан әрі дамытуға қолдау көрсетуге, сондай-ақ мәдени құндылықтарды сақтауға қатысты деп атап өтті. «Ұсынылып отырған түзетулерде мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға және саланы кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отыр», - деді ол.