Астанада Н.Назарбаевтың қатысуымен «Көктем құшағында» атты мерекелік кеш өтуде

Аталмыш шараға жиналған аналар мен қыз-келіншектерге арналып, қазақстандық эстраданың танымал жұлдыздары өнер көрсетуде. Атап айтқанда, онда «Мұзарт», «Орда», «Асыл», «Дервиши», «Бақыт», «Анкор» сияқты топтар мен Алмас Кішкенбаев, Алексей Чумаков, Сырым Исабаев, Еркін Мәулен, Жанна Орынбасарова, Жұбаныш Жексенұлы, Тамара Асар сияқты өнер жұлдыздары көрермендерге халықаралық мерекеге арнайы дайындаған концертін ұсынады.
Сондай-ақ кештің бағдарламасында А.Зацепиннің, «Көктем вальсі», Д.Тухмановтың «В каждой строчке...», Ш.Қалдаяқовтың «Әнім сен едің...», Н.Еспановтың «Аялаған арманым», Е.Сілетдиновтың «Ақ жаулықты анаға», «А.Чикиловтың «Әсел», К.Брейтбургтың «Необыкновенная», К.Ыбрайымовтың «Сенің көзің», Ж.Дәулетовтың «Қазағымдай ел қайда», Ә.Еспаевтың «Бейбітшілік сақталады» атты шығармалары мен өзге де көптеген әндер орындалады.
Естеріңізге сала кетейік, осы уақытта 8 наурыз - халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай елордадағы барлық оқу орындары мен ұйым, мекемелерде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ертең яғни 8 наурыз күні астаналықтар «Конгресс-Холл» сарайында «Шаншар» театрының әзіл-сықақ кешін тамашалай алады. Ал 9 наурыз күні «Қазақстан» орталық концерт залында және «Конгресс-Холда» Әлішер Кәрімовтің, Бейбіт пен Тоқтардың концерттері өтеді.