Астанада өтетін халықаралық конференцияда Семей өңірінің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелері қаралады

АСТАНА. Тамыздың 23-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Тамыздың 26-сында елордада ҚР Сыртқы істер министрлігі мен БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің ұйымдастыруымен Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні қарсаңында конференция өтеді. Бұл туралы бүгін ҚР СІМ-нің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.
None
None

«Астанада өтетін халықаралық конференция ядролық сынақтарды тоқтатудың және ядролық қаруды жоюдың саяси жағдайларымен қатар, Семей аумағының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелері мен даму болашағын қарастырады деп күтілуде», деді ресми өкіл өз сөзінде.

Оның атап өтуінше, алқалы жиын жұмысына Парламент пен Үкіметтің, халықаралық ұйымдардың, академиялық топтардың және азаматтық қауымдастықтың өкілдері қатысады. Қазіргі уақытта қатысуға ниет білдіргендер қатарында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі келісім ұйымы дайындық комиссиясының атқарушы директоры Тибор Тот, Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік бас директорының орынбасары Вернер Буркарт, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі әрі Еуропа мен ТМД елдері бойынша аймақтық директоры Кори Удовички бар.

Қазақстанның мемлекеттік мекемелері бірқатар министрліктер мен ведомстволардың, сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі басшылары деңгейінде болатындығын атап өткен А.Әбдірахманов «шара қорытындысы бойынша конференцияға қатысушылардың халықаралық қауымдастыққа Үндеуі және Семей аумағын оңалту бағдарламасы мен іс-әрекет жоспары қабылданады деп күтілуде», деп қорытты сөзін.

Соңғы жаңалықтар