Астанада «Рахат» тұрғын үй кешенінде өрт шықты

Тұрғын үйді тілсіз жау шарпыған сәт түсірілген видео Инстаграм әлеуметтік желісінде пайда болған соң, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловқа хабарластық.
«Астана қаласы Алматы ауданы «Иманов көшесі, 26» мекенжайындағы «Рахат» тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында жұмысы тоқтап тұрған цехтың ішінде қоймаға дайындалған жиһаз қалдықтары мен үйдің қабырғасындағы жылытқыш қаптамалар өртенді. Өрт кешкі сағат 18.02-де тіркелді. Сағат 18.20-да ауыздықталып, сағат 18.35-те толық сөндірілді. Өрттің аумағы 40 шаршы метрді құрады»,-деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне Р.Иманқұлов.
Оның ақпаратына сүйенсек, өрттен зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қызыл жалынды ауыздықтау үшін Астана қалалық өрт сөндіру қызметінің жеке құрамындағы 24 адам мен 6 техника жұмылдырылыпты.