Астанада Саммитті өткізу - жалпыұлттық басымдық болып табылады - ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев

СТАНА. Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат - Жиырма жылға да тола қой­ма­ған тәуелсіздік тарихында Қазақ­стан талай-талай тамаша табыс­тар­ға қол жеткізді. Солар­дың ара­сындағы ең шоқтықтысы - ТМД мемлекеттері арасынан, Азия ел­дерінің арасынан, мұсыл­ман әлемі арасынан, түркі тілдес мемлекеттер арасынан бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық
None
None

ұйымының төраға­лығына сайланғандығы. Президент Н.Ә.Назарбаевтың мәлімде­месінде айтылғанындай, биылғы тамыздың 3-інде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кеңесі 2010 жылғы желтоқсанның 1-2 күндері Астанада осы аса ірі халықаралық ұйымның Саммитін өткізу жөнінде түпкілікті шешім қабылдады. Қазақстанның сыртқы саясатын халықаралық қоғамдастық қалай бағалаудпа және елімізде Саммиті өткізудің маңызы туралы біздің тілшімізбен әңгімесінде ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев әңгімелеп берді.

- Құрметті Қанат Бекмыр­заұлы! Әңгімемізді осы ше­шім­нің мән-маңызы жөнінде айтудан бастасақ.

- Бұл шешімнің біздің еліміз үшін қандайлық тарихи маңызы бар екенін Президент Назарбаев өз мәлімдемесінде әділдікпен әрі әдемі айтты. Елбасымыз былай деді: "Бұл тарихи шешім - қазақ­стандық толайым табыстардың абыройлы айғағы! Бүгінде Қазақстан ғаламдық қау­іп­сіздіктің ұйытқысына, татулық пен тұрақтылықтың кепіліне, бейбіт­шіліктің берекелі белдеуіне айналды. Төрткүл дүниеге төрелік айтқан Қазақ елі Азия және ТМД мем­ле­кеттері арасында тұңғыш рет бе­делді ұйымның Саммитін өткізеді. Қазақ елі бұрын-соңды мұн­дай биікке жеткен емес".

Бар­ша отандастарымыз өз мемле­кеті Елбасысының, жаңа Қазақ­стан­ның сәулетшісі мен мемлекет­құру­шы­сының көшбасшылығымен қол жет­кізген, бұрын-соңды болып көр­меген халықаралық табысын мақтаныш етуге құқылы. Сондық­тан да осы хабарға байланысты біз ең алдымен Елбасымызды ұлт көшбасшысы ретіндегі жарқын же­ңі­сімен құттықтасақ әбден орынды болады.

- Шетелдік сарапшылар Қазақстанның саяси көшбасшылары мен дипломаттары сыртқы сын-ескертпелерге сауатты үн қатады және сыртқы саясатта жаңа шептерді бағындыруға ұмтылуда деп атап өтуде. Бұған не айтасыз?

- Бү­гінде халықаралық сарапшылар сон­дай-ақ біздің төрағалығымыз Қазақ­стан­дағы ғана емес, бүкіл осы өңірдегі демократиялық жаңғыру­ларға жаңаша серпін қосатындығын, Қазақстан ық­пал­дастығының еуро­палық бағытын ед­әуір күшейте түсетіндігін айтып отыр.

Қазақстан төрағалығына бай­ланысты мұндай жағымды пікірлер баспасөз бетінде де, теле­дидарда да, интернет сайттарында да айтылып, жа­зылып жатыр. Мұның өзі біздің Пре­зидентіміздің экономикалық жағынан қуатты, демократиялық тұрғыдан дамыған Қазақстанды құрудағы аса көрнекті көшбасшы­лығының, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамта­масыз етудегі ауқымды жеке үлесінің халықаралық қоғамдастық тарапынан нақты мойындалуының кезекті келісті көрінісі болып табылады.

ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің Ақбұ­лақта өткен бейресми кездесуінде Нұрсұлтан Әбішұлы терең мағыналы сөз сөйледі. Ол сөз ЕҚЫҰ-ға төра­ғалық етуші мемлекетті басқаратын адамның сөзі ғана болып шыққан жоқ. Ол сөз қауіпсіздік мәселесі, жасампаздық пен ынтымақтастық мәселесі өз елінде де, жаһандық ауқымда да бүкіл қызметінің өзегіне, былайша айтқанда квинтэс­сенция­сына, өмірінің мәніне айналған адамның сөзі болып шықты. Кез­десуге қатысушылардың Нұрсұлтан Назар­баевтың ЕҚЫҰ Саммитін биыл өткізу, оны Астанада өткізу жөніндегі ұсы­нысын бірауыздан қолдауына әсер еткен маңызды жай­дың бірі Елба­сымыздың осы сөзі еді.

Бүгін біздің Астана Саммиті - Елбасының тәуелсіздік жылдарын­дағы табысты жүргізіп келе жатқан ішкі және сыртқы саясатының салтанатына айналады деп мәлім­деуге толық негізіміз бар.

- Алғашында АҚШ Президенті кіші- Джордж Буш алғашында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа ұмтылуын қолдамағаны рас па?

Иә, Елбасымыз 2006 жылдың қыркүйегінде АҚШ-қа барғанында сол кездегі Президент Дж. Буш бірден-ақ төте­сінен тартып: "Сіздерге ол ұйымның қажеті қанша? Төраға елге талап көп қойылады, ана мәселеде де, мына мәселеде де үлкейткіш шынымен қарағандай тексере береді, сынай береді. Сол сіздерге керек пе?" деп сұрап қалды.

Сонда да Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мықты уәждерімен, темірдей берік ой-қисы­нымен, таң қаларлықтай адамдық тартымдылығымен АҚШ-тай ұлы елдің басшысын райынан қайтара алды. Сол жерде, Сопақша кабинет­те-ақ Джордж Буш ол кездегі Мем­лекеттік хатшы Кондолиза Райсқа ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөнінде Қазақстанның кандидатурасын қол­дауға тапсырма беріп тастады, мұ­ның өзі 2007 жылдың 30 қараша­сын­да ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлері кеңесінің шеші­міне нақты әсер еткен жай болды.

Бұл арада Назарбаевтың халық­аралық аренадағы аса биік беделімен қатар, айтқан сөзіне елді ұйытып, ұсынысын өткізбей қоймайтын қасиетінің, жоғары дипломатиялық шеберлігінің және елден ерекше харизмасының да үлкен рөлі болғанын айтқым келеді.

Нұрсұлтан Әбішұлы ЕҚЫҰ төра­ғалығына қол жеткізумен де тоқтап қалған жоқ. Мұнан соң Елбасымыз жұрттың көбі сәтімен шешілеріне сене қоймаған мақсатқа - Ұйым Саммитін Астанада, біздің төраға­лығымыз жылында өткізу мақсатына ұмтылды. Ақыр аяғында, міне, ол мақсатқа да қолымызды жеткізді.

Мемлекетіміз басшысының бұл бастамасының ЕҚЫҰ жауапты ауқымды кеңістіктегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін, Ұйымының өзінің дамуы үшін көкейкестілігі мен стратегиялық маңызын асыра бағалау қиын. Біздің бүгінгі мақ­са­тымыз - Ванкувер мен Влади­восток арасындағы қауіпсіздік кеңістігі тұжырымдамасын тарихта қалдырып, жаңадан еуразиялық және еуратлантикалық қауіпсіздік қоғам­дастығын құру ісіне көшу. Жоғары деңгейдегі мұндай кездесу­дің нәти­жесінде жаңа геосаяси жағдайда Хель­синки Қорытынды актісі тұжы­рымдама­сынан табиғи және көкейге қонымды түрде туындайтын "Астана рухы" секілді жаңа саяси ұғым пайда бо­латы­нына мен кәміл сенемін. Бұл біздің Ұйымның 35 жылдық мерей­тойын лайықты атап өтуге және оны XXІ ғасырда жаңа жетістіктерге жетелеуге жол ашуы тиіс.

- Оқырмандарға осыған дейінгі саммиттерді атап берсеңіз.

- Жақында халықаралық қоғам­дастық Хельсинки Қорытынды акті­сінің 35 жылдығын атап өтті. Ұйым­ның Іс басындағы төрағасы ретінде мен осыған орай мәлімдеме жаса­дым. Хельсинки Қорытынды актісі осы 35 жыл ішінде өзінің өзектілігі­нен айырылған жоқ. 35 мем­лекеттің басшылары Хельсинки қаласында бас қосып, мақұлдаған бұл жаңа­шыл және жан-жақты қауіпсіздік тұжы­рымдамасы бү­гінгі күні де ЕҚЫҰ жауапкер­шілігінің айма­ғын­да қауіпсіздік пен ынтымақ­тастықтың маңызды факторы болып табылады. Сол кезде бекітілген қауіп­сіз­діктің әскери-саяси, экономи­калық-эколо­гия­лық және гума­ни­тарлық деген үш өлшемі осы күнге дейін ұйым қызметінің негізі. Ал бұл саясаттың негізі Ұйымның 1975 жылғы Хель­синки Саммитінде қаланған.

Одан кейінгі саммиттер 1990 жылы Парижде, 1992 жылы қайта­дан Хельсинкиде, 1994 жылы Буда­пешт­те, 1996 жылы Лиссабонда, 1999 жылы Ыстамбұлда өткізілді. Ен­ді 11 жылдан кейін Астана Сам­миті өткізілгелі отыр. Елбасымыз: "2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитін өткізу Хельсинки Қорытынды актісінің 35 жылдығында әлем қауымдастығына Ұйымның "Хельсинкиден Астанаға дейін" дамуын көрсетуге ерекше мүмкіндік береді", деп атап көрсетті.

- Осы саммиттердің арасындағы біз үшін ең маңыздысы Будапешт саммиті болар.

- Ұйым саммиттерінің қай-қай­сысы да маңызды. Әрине, ядро­лық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі тұңғыш мемлекет ретінде Қазақстанға ядролық қаруға ие үш елдің - АҚШ-тың, Ресейдің, Ұлы­британияның тарапынан қауіпсіздік кепілдігі берілген Будапешт самми­тінің біз үшін орны ерекше. Сол Саммиттен соң көп ұзамай мұндай кепілдікті Қытай мен Франция да берген. 1992 жылы Финляндия аста­на­сында өткен саммитте Елбасымыз Хельсинки Қорытынды актісіне қол қою арқылы Қазақстанның осы атақ­ты құжатта көрсетілген құнды­лық­тарды қуаттайтынын білдірді. Әй­гілі Париж Хартиясын ("Жаңа Еу­ропа декларациясы") қабылдаған сам­миттің де маңызы бөлекше. Біз би­ылғы төрағалық тұсында бұл Хар­тияның 20 жылдығына да тиісінше көңіл бөліп отырмыз. 1996 жылғы Лиссабон саммитінің алғашқы мәжі­лісі біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев­тың төрағалығымен өтке­ні­мен де есте қалды. Ал ендігі жерде біз үшін ең маңызды саммит Қа­зақстан елордасындағы осы Астана Сам­миті болатыны өзінен өзі түсінікті.

- Мұндай Ұйым төрағалығына дайындық жұмыстары жылдар бойы жүргізілетінін жақсы білеміз. Жұрт­шылыққа Астананың төрағалыққа жетер жолдағы белестерін, бұл мақ­сатқа біздің не үшін ұмтылғанымыз­ды әңгімелеп беруіңізді сұраймыз.

- Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығы­на ұмтылатынын сонау 2003 жылғы 18 ақпанда жария еткен. Сонда, Ұйым Тұрақты кеңесінің Венадағы мәжілісінде еліміздің осы жөніндегі өтінімі алғаш рет хабарланған. Содан бергі уақытта бүкіл еліміздің, оның ішінде ең алдымен дипло­ма­тиялық қызметтің күш-жігері осы мақсатқа қол жеткізуге жұмсалды.

Ал енді біздің бұл төрағалыққа өз кандидатурамызды не үшін ұсын­ға­нымызға келейік. Алдымен біз ұлт­тық мүдделеріміз тұрғысынан Орта­лық Азиядағы, соның ішінде Ауған­стандағы нағыз әрі ұзақ мерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септесуді мақсат еттік, мұның өзі Қазақстанның үдемелі дамуының аса маңызды факторы бо­лып табылады. Сонымен қатар біз Қа­зақстанның Батыс пен Шығыс ара­сын­дағы үнқа­тысуда өзіндік бір өрке­ниеттік көпір ретіндегі орнын күшейте түсуді көз­дедік. Мұның бәрі еліміздің табысты әлеуметтік-эконо­микалық және де­мократиялық дамуы­мен, азаматта­рымыздың арқаулық құқық­тары мен бостандықтарын қам­тамасыз етумен, олардың әл-ауқа­ты­ның артуымен тиянақталып отырылды.

Біз төрағалыққа кіріскен кезге қарай ЕҚЫҰ-ның өзін күшейтудің, Венаның шығысы мен батысындағы елдер арасында сенім деңгейін көте­рудің зәру қажеттілігі пісіп-жетілді. ЕҚЫҰ-ны реформалау, оның тиім­ділігін арттыру жөнінде сын пікірлер талай рет айтылған. Ұйымның тоқы­рауы немесе жойылып кетуі еурат­лантикалық кеңістіктегі өте қауіпті вакуумның пайда болуына әкеліп соғуы мүмкін екенін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның төрағалық қызметіне кірісуіне орай жасаған Үндеуінде де ескерткен еді.

Қазақстан төрағалық тұғырында осы Ұйымның беделі мен әлеуетін арттыруға, оны халықаралық қауіп­сіз­дік пен ынтымақтастықтың пәр­мен­ді тетігі ретінде сақтап, нығай­туға барынша септесуге ұмтылады.

Ал тіпті бір сөзбен түйіп айтар болсам, Астана Саммиті Хельсинки рухын жаңа тарихи жағдайда қайта өрлетуді мақсат тұтады дер едім.

- Қазақстан төрағалығы эква­тор­дан өтіп, сегізінші айға да аяқ бас­ты. Осы кезеңнің тәжірибесі нені көрсетті?

- ЕҚЫҰ төрағалығын Мемле­кет басшысы стратегиялық ұлттық жоба деп атағанын білесіз. Бұл жобаның біздің еліміз үшін, оның болашағы үшін дәуірлік маңызы бар.

Біз қазірдің өзінде ЕҚЫҰ тө­рағалығы елдің демократиялық дамуына қуатты қарқын қосқанын, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға қозғау салғанын көріп отырмыз.

Ұйымға төрағалық ету Қазақстан халқының бірлігін нығайтып, пат­­рио­тизмін арттыра түседі. Төраға­лыққа дайындық барысында қолға алынған "Еуропаға жол" мемле­кеттік бағдарламасын жүзеге асыру тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы сапалық жаңа белес болатындығы талас тудырмайды.

Қазақстан төрағалығының түй­інді қағидаттарының бірі Ұйымның үш "қоржынының" бірдей етіп толтырылуы. Ол үш "қоржынның" біріншісі - әскери-саяси өлшем. Біз қауіпсіздіктің кеңістігін емес, қоғам­дастығын қалыптастыруға әуел бас­тан күш салып келеміз. ЕҚЫҰ-ның екінші өлшемі ретінде ұзақ мерзімді бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақ­тылыққа қол жеткізу, болуы мүмкін экономикалық және экологиялық қауіп-қатерлерге дер кезінде және баламалы жауап беру Қазақстан төрағалығының ерекше назарында тұр. Ал үшінші - гуманитарлық өлшем бойынша біз адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге атсалысудамыз.

ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыздың жеті айы өткен шақта біз мүше елдердің Қазақстанның осы қадірлі халықаралық ұйымдағы саяси көшбасшылығына оңды бағалар беріліп жатқанын разылықпен айта аламыз. Әріптестеріміз біздің ха­лықаралық ұйымдардың күш-жігерін кеңестен кейінгі кеңістіктегі қақ­тығыстық жағдаяттарды реттеуге сәтімен жұмылдырып отырғаны­мызды айрықша атап көрсетуде.

- Кеңестен кейінгі кеңістіктегі қақтығыстық жағдаяттарды реттеу дегенде көршілес Қырғызстанда қалыптасқан ахуал айтылып тұр ма?

- Ол ғана емес. Біз төраға ел ретінде бұрынғы КСРО аумағындағы ұзақ уақыт шешімін таппаған қақ­ты­ғыстарды реттеуге де көп күш-жігер жұмсадық. Приднестровье, Таулы Қарабақ, Грузия-Осетия, Грузия-Абхазия қақтығыстары оңайлықпен, төрағалықтың бір жылында шешіле салатын түйіндер емес. Бірақ, үнқатысуға, текетіресіп тұрған жақтардың арасында мәмілеге келу жолдарын іздеуге барша қажыр-қайратты жұмсау, қақтығыстарды тарқатуға оңды алғышарттар жасауға болады және солай ету қажет. Біз осыған ұмтылудамыз.

-Елбасымыз ЕҚЫҰ-ға мүше мем­лекеттер сыртқы істер министр­лерінің Ақбұлақтағы кездесуінде "Бүгінгі күнде Ауғанстанға қатысты ЕҚЫҰ-ның жаңа стратегиялық бағыты қажет екендігіне ешқандай күмән жоқ", деген еді. Бұл бағыттың мәні неде?

- Әлемде соңғы жылдары болып жатқан күрделі өзгерістер ЕҚЫҰ-ға мүше мем­ле­кет­терден, әсіресе, олар­дың басшыларынан, Ұйым жауап­керші­лігіндегі аймақта туындайтын жаңа қау­іп-қатерлерге лайықты шара қолдануды талап етеді. Нақты Ауған­станға бай­ланыс­ты айтар болсам, ЕҚЫҰ-ның ол елдегі басты мақсаты қарулы қарама-қарсылықты жасам­паздық жолға түсіруге жәрдемдесу дер едім.

Ауғанстанды бүкіл ұзына тарих бойында ешкім де басып алып көрген емес. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы оқиғалар "ауған проблемасының" әскери шешімі жоқ екеніне тағы сендіре түседі. Сондықтан қазірдің өзінде, халықаралық коалиция күштерінің елден кеткенін күтіп отырмай, ауған халқын бейбіт өмірге дайындау маңызды іс. Осы мақсатпен Қазақ­стан еліміздегі орта маманданды­рыл­ған және жоғары оқу орындарында оқыту үшін биылдан бастап жылына 200 адамды шақырғалы отыр. Бұл үшін 50 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінгенін білесіз.

Ауғанстанмен сауда-экономика­лық ынтымақтастықты дамыту, елге гуманитарлық көмек көрсету жө­нінде алда да көп іс атқарылады. Қа­зақстан жақында өзінің Сауда-өнеркәсіптік палатасының Кабул­дағы өкілдігін ашты. Ең бастысы - биылғы Астана Саммитінде Ауғанс­тандағы жағдай тақырыбы күн тәртібінің ең өзекті­лерінің бірі болмақшы.

- Саммит тақырыбына қайтып оралайық. Оның осынша жыл өткізілмей келгенін Сіз қалай түсіндірер едіңіз? Астана форумында қандай мәселелер талқыланбақшы?

- Расында да, ЕҚЫҰ-ның соң­ғы саммиті осыдан 11 жыл бұрын Ыс­тамбұлда өткізілген. Біздің алды­мыз­да төраға болған елдердің талайы өздерінің төрағалығы тұсында Ұйым саммитін өткізуді ұсынғаны белгілі. Бірақ олардың ұсыныстары қоғам­дастық тарапынан толық қолдау таппай келді.

Неге? Себебі көп. Негізгі себебі ЕҚЫҰ-ға мүше елдер көшбас­шыларының деңгейінде талқылауға тұрарлықтай тақырыптардың жеткі­ліксіздігі сияқты. Біз қазір Саммиттің оңтайлы күн тәртібін қалыптастыру үшін Ұйым­дағы әріптестерімізбен күнбе күн жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазірше оның негізгі тақырыптары Ұйым аясында қабылданған міндеттеме­лердің барлығын қуаттау; еуратлан­ти­калық және еуразиялық қауіпсіз­дік­тің болашағы, соның ішінде Кор­фу үде­рісі мен Еуропалық қауіпсіздік шар­тының жобасы; қару-жараққа бақылау жасау мен әскери саладағы сенім; жаңа сынақтар мен қатерлер­мен күрес; Ауғанстан мен Қырғыз­стандағы жағдай; адам құқы мен бостандығы, басқа да әмбебап құн­ды­л­ықтар сияқты мәселелер болатын шығар дегенді ғана шамалап айта аламын.

- Қазақстан дәл осындай кө­лемдегі әлемдік жиынды ешқашан ұйымдастырып көрмегені анық. Саммитке дайындықтың ұйымдас­тырушылық қырлары жөнінде не айта аласыз?

- Астана Саммитіне дайындық, оны ойдағыдай өткізу ендігі жерде біздің Ұйымға төрағалығымыздың түйінді міндетіне ғана емес, сонымен бірге шын мәнінде жалпыұлттық басымдыққа айналғаны анық. Пре­зидент Назарбаевтың әділ айтқанын­дай, ЕҚЫҰ Саммитін - бүкіл кеңестен кейінгі кеңістікте мұндай ауқымдағы тұңғыш халықаралық фо­румды өткізу абыройлы міндет қана емес, ерекше жауапкершілік те.

Қазақстанның бұл міндетті де тамаша атқарарына біздің ешқандай күмәніміз жоқ.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар