Астанада шағынаудандардың бірінде 7 қабатты жабық автопаркинг салынады

Бұл туралы astana.kz сайтына «Астанабасжоспар» ғылыми-зерттеу жобалары институтынан мәлім етті.
Самал шағын ауданы елорданың дамыған ауданында орналасқан. Алайда аталған шағын аудан тұрғындары машиналарды қоятын автотұрақ жетіспеушілігін бастан кешіп келеді. Тұрғындардың айтуынша, әсіресе, қыс мезгілінде, аяздарда сыртта тұрған автомобильдер от алмай, қиындықтар туғызады. Осыған байланысты кейбір тұрғындарға басқа жерде орналасқан гараждарды пайдалануға тура келеді.
«Астанабасжоспар» мекемесінен хабарлағанындай, 2015 жылға дейін осы ауданда 7 қабатты автопаркинг салынады.
«Елорданың Алматы және Сарыарқа аудандарында 2015 жылға дейінгі кезеңде көпдеңгейлі автопаркингтер салу белгіленген сызбасына сәйкес, Самал шағын ауданында аумағы 0,3 гектар жерге 7 қабатты жабық автопаркинг салу қарастырылған»,- делінген хабарламада.