Астанада студенттер мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері «Бірлігіміз жарасқан!» ұранымен концерт берді
Іс-шараны ұйымдастырған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Балғабай Майқановтың айтуынша, оқу орны қабырғасында жыл сайын 1 Мамыр - Халықтар достастығы күніне орай «Қазақстан халқының салт-дәстүрлері фестивалі» өтеді. Шара қалалық этно-мәдени бірлестіктердің тікелей қолғабыс етуімен ұйымдастырылады. Ал биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне фестивальды университет көлемінде ғана емес, қалалық деңгейде өткізу, елордада тұратын ұлт өкілдерін бір сахнаға жинау ұйғарылды. Айта кетейік, бүгінгі күні аталмыш ЖОО-да 34 ұлт өкілі білім нәрін сусындауда.
Қойылым мақсаты - Тәуелсіздік мерейтойын атап өту, ұлтаралық бірлік - мемлекет іргесінің берік тірегі екендігін тағы бір паш ету. Ел болашағы - жастармен бірге патриоттық рухта салтанатты кеш өткізу.
Мюзиклға корей, түрік, шешен-ингуш, неміс, грузин, беларус, украин, әзірбайжан барлығы 12 этно-мәдени орталық қатысты. Ал аталмыш елдердің Қазақстандағы елшіліктерінің өкілдері құрметті қонақтар болды.
Оның барысында этно-мәдени бірлестіктердің үлкенді-кішілі өкілдері студент жастармен бірге сахнада ән айтып, биден шашу шашты. «Ватра» украин ЭМБ-ның кішкентай балдырғандары ұсынған ән мен би композициясы көрермен қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады. Концерт барлық қатысушылардың хормен орындаған «Туған жерім» әнімен аяқталды.
Юнус Эмре Түрік мәдени орталығының директоры Мехмед Арслан, университет ұжымына Қазақстандағы Түрік Елшілігінің атынан алғысын білдіре келе: «Өкінішке қарай, бүгін әлемде көптеген дау-жанжалдар, соғыстар мен ұлтааралық қақтығыстар болып жатыр. Қазақстан бүкіл әлем үшін үлгі болатын ел және бүгін сіздер оны тағы бір дәлелдедіңіздер, 130-дан астам ұлт өкілі достықта өмір сүретінін көрсеттіңіздер. Ол расымен солай, мен түрік ретінде өзімді Қазақстанда үйде жүргендей сезінемін», - деді.
Өз кезегінде «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Саид-Селим Мунаев: «Мен Аграрлық университеттің ұжымына және студенттерінің белсенділігіне қашан да таң қаламын. Біз мұндай іс-шараларға қашанда қуана-қуана қатысамыз. Себебі, толеранттық, ынтымақ пен бейбітшілік бұл - бізді гүлденуге, жарқын болашаққа алып келетін жол. Мен Этно-мәдени бірлестігіміз атынан барша қазақстандықтарды ел тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтаймын. Бүгін Қазақстан өте сезімтал, нәзік қарым-қатынастардың авангарды болып табылады және осы бетінен қайтпасын деп тілеймін», - деп атап өтті.