Астанада такси жүргізушісіне шабуыл жасағандар тағы бір адамның денсаулығына қасақана зиян келтірген
Тергеу амалдары барысында анықталғандай, күдіктілер қарашаның 22-сі күні Астана қаласындағы шағын аудандардың біріндегі жылу құбырларының астында ішімдік ішкен. Кейін оларға сол маңнан өтіп бара жатқан бейтаныс қаңғыбас ер адам келіп қосылады. Артынша, такси жүргізушісіне шабуыл жасауды осыған дейін ойластырып қойған күдіктілердің бірі бөтелкелесін мойнынан белбеумен қылқындырса, сыбайласы ішіне бірнеше жерден пышақ салып, басынан арақ бөтелкесімен ұрған. Кейін оның денесін шұңқырға тастаған. Еске сала кетсек, 24 қарашада түнгі сағат 23-тер шамасында Целиноград аудандық ІІБ-не Астана қаласындағы ІІД ЖБО кезекшілік бөлімінен хабар түседі. Онда 29 жастағы Қоянды ауылының тұрғынының ішіне және кеуде тұсына белгісіз екі адам пышақ салып, «Hyundai Accent» көлігін тартып алып, тайып тұрғаны айтылады. Кейін зардап шеккен таксист «іші және кеуде тұсынан пышақ жарақаты» диагнозымен Астана қалалық ТЖ ауруханасына жатқызылды. Осыған орай, жедел-іздестіру шарасы барысында сол күні түнгі 12-лер шамасында Астрахан ауданының Новочеркасск ауылының маңындағы бақылау бекетінің маңында аудандық ІІБ қызметкерлерімен 18 жастағы Астана тұрғыны тізгіндеген «Hyundai Accent» көлігі ұсталады. Көлік ішінде онымен бірге 29 жастағы Астрахан ауданының тұрғыны болды. Қазіргі кезде күдіктілердің үстінен ҚР ҚК 192-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.