Астанада Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай ұлттық театрлардың республикалық фестивалі басталады
Қазақстан халқының рухани даму қорының атқарушы директоры Әбдімомын Асиловтың айтуынша, фистиваль аясында оған еліміздің 7 театры қатысатын болады. Атап айтқанда 23-26 сәуір аралығында өнер сүйер қауым өзбек, неміс, корей, ұйғыр, орыс, қазақ театрларының және Қазақстан ұлттары театрының қойылымдарын тамашалайтын болады.
«Фестивальдің жабылуы рәсімінде біз лауреаттарды марапаттаймыз. Онда театрлар арасында конкурстық іріктеу болмайды. Атап айтқанда қазылар алқасы бұл шараға қатысушылардың арасынан «Үздік еркек рөлі», «Үздік әйел рөлі», «Үздік спектакль», «Үздік режиссура» аталымдары бойынша лауреаттарды іріктейді»,-деді атқарушы директор. Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта осы фестивальді жиі өткізіп тұру мәселесі қаралмақ.
Айта кетейік, бұл мәдени шараны ҚР Мәдениет министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырып отыр. Фестивальдің бүгінгі ресми ашылуы рәсіміне аталған министрлік өкілдері мен Парламент депутаттары, мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ елорда тұрғындары қатысады.