Астанада тәулігіне 60-қа жуық сәби дүниеге келеді - алқа мәжілісі

Бұл туралы бүгін Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісінде аталған ведомство басшысы Айгүл Сегізбаева айтты.
Оның атап өтуінше, 2012 жылдың қорытындысы бойынша Астанада туу көрсеткіші 2,5 пайызға өсті. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен жоғары.
«2012 жылы елордада 21 266 бала дүниеге келді. Бұл айына 1772 немесе тәулігіне 59 сәбидің дүние есігін ашқандығын білдіреді», - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар А.Сегізбаеваның айтуынша, ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтерге сәйкес, Астана тұрғындарының саны 778 мыңнан астам адамды құраған.
Алқалы жиынға елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова және қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері қатысты.