Астанада теннистен Дэвис кубогы жолындағы жарыс басталады
Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея елінен келген жігіттермен кортқа шығады. Азия-Тынық мұхиты аймағы аталатын топта Қазақстан мен Корея бірінші раундтың ойындарын ойнайды. Бүгін соған орай Ұлттық теннис орталығында құрамалардың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еліміздің атынан бес спортшы кортқа шығады. Атап айтқанда, Ресейден ауысып келген Юрий Щукин, Андрей Голубев, Михаил Кукушкин сынды тәжірибелі теннисшілермен қоса, шымкенттік Данил Браун және команда капитаны Егор Шалдунов бар.
Қарсылас команда ішінде Yong Kyu Lim, Kyu Tae Im, Jae Min Seol, Hyun Joon Kim теннисшілері, сондай-ақ капитан Nam Hoon Kim шеберлік сынасады.
Журналистердің қатысуымен өткен мәслихат барысында жеребе тартылды. Алдағы ойындарда кездесетін жұптар анықталды. Ертең, ашылу салтаннатынан кейін алғашқы Андрей Голубев пен Yong Kyu Lim жұбы шығады. Бұл сындарда құрамаға кеше ғана келген ресейлік Евгений Королев Қазақстан атынан кортқа шығуы мүмкін. Айта кетейік, әлемдік рейтингте 52-ші орында тұрған Ресей құрамасының екінші эшелондағы теннисшісі Е. Королевке Қазақстанның теннис федерациясы коммерциялық ұсыныс тастаған болатын. Ресейлік ойыншы бұл ұсынысты қабыл алып, кеше Қазақстан төріне - Астанаға ұшып келді.
«Қазақстан құрамасымен бұрыннан таныспын. Жарыстарда жиі кездесетіндіктен, достық қарым-қатынаста болып келгенмін. Өте жақсы жігіттер, олармен тіл табысу маған қиынға соқпасы анық», дейді журналистерге ағынан жарылған Е. Королев.
Жарыс наурыздың 7-сіне дейін жалғасады.