Астанада Тұңғыш Президент күніне арналған халықаралық конференция өтуде

Осымен қатарынан үшінші жыл өтіп жатқан халықаралық форумға қазақстандық депутаттардан бөлек Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстан парламентшілері, халықаралық ұйым өкілдері, экономикалық интеграция саласының сарапшы мамандары қатысуда. Ресейлік делегацияны РФ Мемлекеттік Думасы Федералдық Жиналысының төрағасы Сергей Нарышкин бастап келді.
Жиынды ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Қабиболла Жақыпов ашып, алқалы отырыстың мәнін атап өтті. Оның айтуынша, жиында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың сыртқы саяси бастамалары, Еуразиялық кеңістікте интеграциялық үдерістер бағытында парламенттік дипломатияны ынталандыру әрі заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері сөз болады.
«Конференция еліміздің жаңа тарихындағы ең айшықты және бүкілхалықтық мерекелердің бірі, Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық, өңірлік бейбіт бастамалардың авторы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өткізіліп отыр. Қазіргі уақытта Елбасының бастамасымен «Қазақстан-2050» ұзақмерзімді даму стратегиясы жүзеге асырылуда. Оның басты мақсаты - Қазақстанды әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосу. Осы мақсатқа жету үшін Президент жақында Қазақстан халқына арналған «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын жариялады. Оны практикалық тұрғыда іске асыруға қажетті құқықтық, институционалдық қолдауды талап ететін бірқатар мәселелер шеңберін атап көрсетті», - деді конференцияны ашқан Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов.
Оның айтуынша, жаңа Жолдауда жүктелген міндеттерді тиімді іске асыру еліміздің одан әрі дамуына қосымша серпін беріп, ұлттық экономиканың алдына кең көлемді мүмкіндіктер ашады. Осы ретте спикер Елбасының бастамасы әлемдік қауымдастық тарапынан да зор қолдауға ие болғанын атап өтті. Ал бүгінгі конференцияның басты мақсаты Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бағдарламалардың елімізде қалыптасқан парламенттік мәдениет дәстүрлерін және Қазақстанның жаһандық аймақтық интеграциялық үдерістері мен рөлін жан-жақты қарастыру болып табылады.