Астанада тұрғын үй кезегінде тұрған 180 азамат баспана кілттерін алды
Мемлекеттік қордан Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары 6 пәтерге, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекеме және әскери қызметкерлер - 82, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары 91 пәтерге ие болды. Олардың қатарында көпбалалы 3 отбасы, толық емес 34 отбасы, 11 жетім, 17 зейнеткер, 9 Ауғанстан ардагері, I және II топ мүгедектері - 14, ЧАЭС апатының зардабын жоюға қатысушы - 1, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған 1 отбасы, төтенше жағдай кесірінен баспанасынан айырылған 1 тұлға бар.
Елорда әкімдігінің хабарлауынша, олар 2000-2003 жылдар аралығында тұрғын үй кезегіне тұрған отбасылар.
Әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Астанада 2010 жылдан бері Мемлекеттік қор есебінен халықты тұрғын үймен қамтуда оң қарқын байқалуда. Егер 2010 жылы пәтерге 288 мұқтаж азамат ие болса, 2011 жылы 436 адам баспаналы болды. Ұлы Отан соғысы ардагерлерін баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне басымдық беріледі. Жыл сайын 9 мамыр күні осы санатта кезекте тұрғандар тұрғын үй иесі атанып келеді. Қазіргі таңда Ұлы Отан соғысының 6 ардагері пәтер кезегін күтіп отыр.