Астанада Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің Экономика министрлері меморандумдарға қол қойды
Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Кеңестің 5-ші кездесуінің жұмысына Түрік Республикасының Экономика министрі Нихат Зейбекджи, Әзербайжан Республикасы Экономика және индустрия министрінің орынбасары Сахиб Мамедов, Қырғыз Республикасының Экономика министрінің орынбасары- Данияр Иманалиев, сондай-ақ Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Омер Кочаман қатысты.
Кездесу барысында түркітілдес елдердің көпжақты сауда-экономикалық ықпалдастығын одан әрі үлғайту, инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жұмыс топтарының қызметі, экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту, біріккен инвестициялық қорын құру мәселелері талқыланды.
«Түркі кеңесі инвестициялар, кәсіпкерлік, экономиканы әртараптандыру сияқты әр түрлі салаларда жұмыс істейді. Алайда, қазіргі қиын экономикалық жағдайда Кеңес елдерінің сауда саласындағы ынтымақтастықты нығайтқан жөн», - деп атап өтті Ерболат Досаев.
ҚР Ұлттық экономика министрі сауда қатынастарын дамытуға ықпал ететін шаралардың бірі ретінде өзара саудадағы кедергілерді қысқартуды ұсынды.
Министр: «Тарифтік және тарифтік емес кедергілерді жою үшін Еуразиялық экономикалық одағын құру маңызды фактор болып табылады, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттерінің ішінде оның мүшелері Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы болып табылады. ЕАЭО шеңберінде 170 миллиондық нарық қалыптасқан және тауарлардың, қызметтердің, капиталдар мен жұмыс күшінің еркін айналымына жағдай жасалған», - деп атап өтті.
Сондай-ақ Е. Досаев әлемдік үдерістер әр мемлекеттен экономикалық тетіктерді жетілдіруді қажет ететіндігін мәлім етті. «Жаңа құрылымдық экономиканың моделін қалыптастыру мақсатында Елбасы 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 қадам» Ұлт жоспарын ұсынды»,-деді ол.
Айта кеткен жөн, Кеңес құрылғаннан бері өткен 6 жыл ішінде Қазақстан Республикасының Түркі кеңесінің елдерімен сауда айналымының көлемі 2 есе ұлғайды.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Экономика министрлерінің 5-ші кездесуінің қорытындысы бойынша: Инвестициялық статистика саласындағы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүше-мемлекеттердің мемлекеттік органдары арасында өзара түсіністік туралы, Инвестициялық ахуалға байланысты тәжірибе алмасу мүмкіндігін зерделеу бойынша Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүше-мемлекеттердің мемлекеттік органдары арасында өзара түсіністік туралы, Шағын және орта кәсіпкерлік бойынша Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүше-мемлекеттердің мемлекеттік органдары арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.
Еске сала кетсек, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Кеңес өзара сенімділікті, достастықты, тату көршілікті нығайту, бейбітшілікті қолдау, өңірдегі қауіпсіздікті күшейту, жан жақты және теңдестірілген экономикалық өсу мен әлеуметтік және мәдени даму тиімді тетігі болып табылады.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан кіреді.