Астанада Түркия және Қазақстан Президенттерінің қатысуымен Түркі әлемі академиясы ашылады - Ж.Түймебаев
Шараға Түркия Президенті Абдулла Гүл мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде. Бұл туралы Астанада өткен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының кезекті отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.
Ж.Түймебаев атап көрсеткендей, Түркі әлемі академиясының Астанада ашылуына түркі дүниесі президенттерінің келісімінің нәтижесінде қол жеткізілген.
Түркі әлемі академиясының ашылу салтанаты Түркия Республикасының басшысы Абдулла Гүлдің Қазақстанға ресми сапарына орайластырылуда.
«Бұл ұзақ уақыттан бергі ғалымдардың жоспарлаған жұмыстары болатын. Соның негізінде, бүкіл түркі дүниесінің археологиясын, этнологиясын, түркітану мен әдебиеттану бойынша зерттеулермен айналысатын ғалымдардың шоғыры осы Астана қаласында жұмыс істейтін болады. Арнайы мұрағат, мұражай мен кітапхана ашылады», - деді министр.