Астанада Украинаның мәдени-ақпараттық орталығы ашылды

«Бұл біз үшін жаңа орталық қана емес, жаңа адамдар мен жаңа мақсаттар, жаңа міндеттер алаңы болып отыр. Осы орталық арқылы біз бүкіл Украина туралы қажетті ақпараттарды бере аламыз, тілшілер мен кәсіпкерлерге арнап жиын өткіземіз. Сонымен қатар, дәл осында туристік және инвестициялық мүмкіндіктер ашылар деген сеніміміз зор. Бұған қоса мұнда украин тілі, тарихы мен географиясы оқытылады. Орталық таңертеңгі сағат 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейтін болады», - дейді ҚР-дағы Украина істері бойынша уақытша сенімді өкілі Володымыр Джиджора.
Ол сондай-ақ өз сөзінде Қазақстан мен Украинаның дипломатиялық қарым-қатынасына 25 жыл толып отырған осынау шақта орталықтың ашылуы ізгі жаңалық екенін атап өтті.
«Біз орталықтың жұмысын кез келген уақытта келіп демалуға болатындай жайлы етуді жоспарлап отырмыз. Орталықта украиналық бизнес пен тың мүмкіндіктердің тұсаукесері өтіп, қазақ кәсіпкерлері үшін жаңа жол ашылар деген үміт бар. Бұл жұмысқа арнайы экономистер тартылады. Егер бастамамызға қызығушылықтың артқанын байқасақ, осы бағыттағы жұмыстың ауқымын кеңейтетін боламыз», - дейді ол.
Жаңа орталықта украиналық фильмдер мен мультфильмдер көрсетілетін болады.