Астанада Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған «Көктемнің шуақты күндері» атты акция басталды
Бұл туралы бүгін журналистерге Астана қалалық Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көктемнің шуақты күндері» акциясында мектеп оқушылары Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет ретінде қамқорлық көрсетіп, оларға 65 жақсы іс жасауға бел буып отыр.
Ә. Бимендинаның айтуынша, Жеңістің 65 жылдығына орай жасалып жатқан шараның бастамашылары оқушылардың өздері. «Оқушылардан құралған «Жас жігер» балалар қозғалысы қаланың «Сарыарқа», «Алматы» және «Есіл» аудандарында тұратын ардагерлер туралы ақпараттарды жинақтап, альбомдар шығарған. Акция басқа шараларға қарағанда, атаулы күндер қарсаңында ғана емес, ұзақ мерзімге созылатындығымен ерекшеленеді»,-дейді ол.
Шара аясында қаланың білім басқармасы мектептерде «Қамқорлық» отрядтарын құру туралы шешім қабылдады. Осылайша, «Қамқорлық» отрядтары «тимуровшылардың» ізін қуып, ардагерлерге көмек көрсететін болады. Мектеп қабырғасынан тыс спорттық жарыстар, музыкалық байқаулар және көркемсурет өнерінің туындылары қойылған көрмелер, семинарлар мен сабақтар, әскери ойындар ұйымдастырылады. Жыл бойына балалардың ардагерлерге арнаған концерттері ұдайы өтіп тұрады. Соғыста от кешкен қариялар мен бүгінгі жас ұрпақтың «Естелік шырағы» және «Тарихтың тірі дауыстары» атты кездесулері жоспарланған.