Астанада үш ай бойы «Алпамыс» театрландырылған мега-шоуы қойылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда көрермендері назарына әуе гимнасшыларына арналған бірегей аспалар, субұрқақтары, арнайы эффектілер және бірегей декорациялармен жабдықталған жоғары технологиялы шоу ұсынылады. Қойылымға әр елден 70 әртіс қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Алпамыс» атты ерекше театрландырылған цирктік шоу болады.  Айтулы шара Астананың 20 жылдығына орай Астанада Этноуыл кешенінде өтеді. Қазір мұнда шоуға арналған алаңды жабдықтау жұмыстары аяқталуға жақын. Көрермен залына 1000 адам жайғаса алады.

«Қазақ әуендері» АҚ вице-президенті Сәкен Шәкеев өз сөзінде: «Шоу «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді. Биыл Астананың 20 жылдығы, осы мерейтойға орай қала тұрғындары мен қонақтарына, ерекше әсер беретін «Алпамыс» театралды-цирк шоуын сыйға тартпақпыз. Қазақ тарихының ең көне және жұмбақ беттерінен бастау алатын Алпамыс батыр туралы ғажап аңыздың желісі ежелгі Бозоқ қаласының көшелері мен алаңдарында өтеді. Қойылымға көрермен назарына әуе гимнасшыларына арналған бірегей аспалар, субұрқақтары, арнайы эффектілері мен бірегей декорациялары бар жоғары технологиялы сахна ұсынылады, -деп атап өтті.

Алпамыс жыры қазақ мәдениеті мен тарихының көп ғасырлық жауһарын жинақтаған.  Ұлы халық пен ежелгі керемет қаланың аңызға айналған өткен күні туралы шоуды ауқымды театралды-цирк көрсетілімдеріне мамандандырылған, көптеген халықтың аңыздары мен мифтеріне жаңа өмір сыйлап жүрген «Журавли» спорт театры қояды.

Шоу продюсері және режиссері Сергей Козиннің айтуынша, олар Астана тұрғындары мен қонақтарына естен кетпес қойылым әзірлеп отыр. «Кәсіби акробаттар, тамаша костюмдер, жарқын көрсетілім, керемет декорация, авторлық музыка - осының бәрі жанды елітер, қайталанбас шоу жасайды».

«Алпамыс» қойылымына әр елден 70 әртіс қатысады. Олардың барлығы халықаралық цирк байқауларының лауреаттары мен жоғары деңгейдегі спорт сайыстарының жеңімпаздары, Du Soleil циркі қойылымдарының тәжірибелі қатысушылары.

Аңыздың бас кейіпкері Алпамыстың рөлін сомдаушы Дархан Қамбышев өз әсерімен бөлісті: «Мұндай керемет шоуға қатысу және ең жоғары деңгейдегі кәсіби мамандармен жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе. Әсіресе шоудың Астанамыздың 20 жылдығына орай өтуі жанымды тербейді».

«Алпамыс» театралды-цирк шоуы 1 маусымнан 31 тамызға дейін бейсенбі мен жексенбі аралығында елордадағы  «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені аумағында өтеді.

Дәулет Ізтілеу

Соңғы жаңалықтар