Астанадағы автобус апаты: жүргізушіге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада қоғамдық көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай бағанға соғып, апат салдарынан жасөспірім қыз қос аяғынан айырылған еді.

Автобус апаты
Фото: Астана әкімдігі

Бүгін белгілі болғандай, автобус жүргізушісіне рақымшылық жасалды. Бұл туралы Астана қаласының полиция департаменті хабарлайды. 

- Жол қозғалысы ережесін бұзып, денсаулыққа зиян келтіруге әкеп соққан оқиға бойынша қылмыстық іс материалы мен сараптама қорытындысы автобус жүргізушісінің кінәсін растады. Қазақстан Республикасының «Рақымшылық туралы» заңына сәйкес, күдікті тарапынан қылмыстық қудалауды тоқтату туралы өтініш келіп түсті, - делінген хабарламада. 

Ақпаратта айтылғандай, қылмыстық іс рақымшылық актісіне байланысты тоқтатылды. 

- Қылмыстық іс тоқтатылғанына қарамастан, айыпты қылмыстық жауапкершілікке тартылған деп есептеледі. Бұдан бөлек, қылмыстық құқық бұзушылық пен өзге де заң бұзушылықтарға ықпал еткен мән-жайды жою туралы ұсыныс Астана қаласының әкімдігіне жолданды,- деген хабар алдық елорда полициясынан. 

Еске сала кетейік, биыл 2 маусымда Астанада автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі бағанға соқтығысқаны анықталды

Жол апатынан бір зардап шегушінің жағдайы ауыр екені, ота жасалатыны айтылды. Кейін зардап шеккен 1 жолаушының аяғына ампутация жасалғаны белгілі болды.

Сондай-ақ сақтандыру компаниясы қос аяғынан айырылған қыздың отбасына 20 млн теңгеге жуық төлем жасағаны айтылды

Соңғы жаңалықтар