Астанадағы Аграрлық университетте оқытушылар мен қызметкерлер арасында дәстүрлі спартакиада басталды

АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Сергектік және денсаулық» атты дәстүрлі спартакиада басталды.
None
None

ЖОО-ның 55 жылдығына арналған жарыстарға университет пен колледж оқытушылары және қызметкерлері қатысуда. Өздерінің спорттық даярлықтары мен шеберліктерін көрсетуге 600-ден астам қызметкер ниет білдірген.

Спартакиаданың алғашқы бөлігі спорттың 5 түрі - баскетбол, шағын-футбол, волейбол, шахмат және үстел тенисі бойынша өтеді. Осы күндері университеттің спорт кешенінде қыздар арасында баскетболдан және ерлер арасында шағын-футболдан топ ішіндегі кездесулер өтуде. 13 қаңтар күні командалар ақтық сайыста кездеседі. Одан кейін, жарыстар 16-20 қаңтар аралығында ерлер мен әйелдер арасында волейболдан, 23-27-сі күндері шахматтан және 27 қаңтарда үстел тенисінен өтеді.

Спорттық бәсекелердің қорытындысы 27 қаңтар күні шығарылып, жеңімпаздар оқу орны әкімшілігінің атынан дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Биылғы жылдың наурыз айында спартакиада шаңғы жарысымен қайта басталады. Аталмыш университеттің аға буын оқытушылары мен қызметкерлері спорттың бұл түрінен жылда ерекшеленіп, талай жастың алдын орап жүргенін атап өту керек. Мәселен, үстіміздегі қаңтар айының 9-ы күні ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы Дүниежүзілік Қысқы универсиадаға арналған іс-шаралар жоспарының аясында өткізілген шаңғы жарысына білім ордасының 27 қызметкері қатысып, жақсы физикалық дайындықтарын тағы бір көрсетті.

Ал 19 мамырда «Сергектік және денсаулық» спартакиадасы аясында спортшылар президенттік көпсайыстан күш сынаспақ.

Соңғы жаңалықтар