Астанадағы Азия Даму Банкі басқарушылар кеңесінде талқыланатын мәселелер белгілі болды
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасы Мақсат Мұқанов айтты.
«Астанадағы Азия Даму Банкі басқарушылар кеңесінің 47-ші жыл сайынғы мәжілісіне дайындық жұмыстары былтырдан бері жүріп жатыр. Бүгінде Қазақстанды қоса алғанда 67 мемлекет АДБ мүшесі болып табылады. Осы жылы басқарушылар кеңесінде Қазақстан төрағалықты атқаруда. Бұл тұрғыда қазіргі кезде Азия Даму Банкімен бірлесе 2-5 мамырда елордада өтетін мәжіліске белсенді дайындықтар жүргізілуде», - деді ол.
Атап айтқанда, отырыс «Азияны ауыспалы әлемде біріктіретін жаңа Жібек жолы» тақырыбында өткізілмек.
Оның айтуынша, жиын барысында әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі бойынша шешім қабылданады. Сонымен бірге инновация мен экономика білімі тұрғысында талқылаулар жүргізіледі. «Әлемдік экономикадағы сын-қатерлер кеңінен талқыланады. Сонымен қатар қазіргі заманғы энергиялық тұрақтылық тақырыптары айрықша назарда болады. Бұдан бөлек, сауда және тауар тасымалы, өнеркәсіптік деңгейді жақсарту, әлеуметтік даму мен білім мәселелері тұрғысында тың ұсыныстар жасалады деген ойдамыз», - деді басқарма төрағасы.
М. Мұқановтың сөзіне қарағанда, шараға 67 елден үш мыңнан астам делегат қатысады деп күтілуде. Олардың арасында АДБ-ға мүше мемлекеттерден басқарушылар, қаржы министрлері, ірі халықаралық банктердің, қаржылық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері бар.
Айта кетейік, Қазақстан бүгінде АДБ-дан қайтарымсыз көмек алушы емес, керісінше оның дамушы елдерге жәрдемдесу бойынша серіктесі болуға ниетті.
Астанадағы Азия Даму Банкі басқарушылар кеңесінің 47-ші жыл сайынғы мәжілісі 2-5 мамырда өтеді.