Астанадағы Халықаралық қаржы орталығы ерекше преференциялары бар АЭА-ға айналады - Елбасы

«ДСҰ-ға кіру келіссөздері уақытында қазақстандық экономиканың конфигурациясы айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Біріншіден, ол барынша қуатты әрі ашық бола түсті. Халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 18 есе артып, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің деңгейімен теңесті. Сыртқы сауда көлемі 120 млрд. американдық долларға жетті. Біздің сыртқы сауда айналымымыздың 90 пайыздан астамы ДСҰ-ға мүше елдерге тиесілі», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы осы ретте Қазақстанның шет мемлекеттермен қарым-қатынасы кеңейе түскендігін баса атап өтті.
«Егер 90 жылдардың ортасында Қазақстан поскеңестік кеңістік елдерімен ғана сауда байланысын орнатса, бүгінде біз әлемнің 185 елімен сауда-саттықты жолға қойдық. Қазақстанның негізгі экономикалық серіктестері Еуропалық одақ елдері болып табылады. Біздің сыртқы саудамыздың 54 пайыздан астамы осы елдерге тиесілі. Қазақстанның тауар айналымына Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, Америка Құрама Штаттарымен, Канадамен және басқа да елдермен арадағы сауда-саттық айтарлықтай үлес қосуда»,- деді ҚР Президенті.
Сонымен қатар Елбасы соңғы жиырма жылдың ішінде Қазақстан экономикасының құрылымы байыпты өзгеріске ұшырағанын баса атап өтті.
Мұнан бөлек ҚР Президенті ДСҰ аясында қаржылық қызметтерді ырықтандыру Астанада халықаралық қаржы орталығын құрумен қатар жүретіндігін жеткізді. Ол Дубай орталығына балама ретінде құрылады. Ағылшын тілінде британдық заңнама негізінде жұмыс істейтін болады. Сонымен бірге ол ерекше преференциялар ұсынатын еркін экономикалық аймаққа айналады.