Астанадан Батыс Қазақстанға көмек жеткізілді
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің «Елордадан Батысқа көмек» деп аталатын қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастыру туралы бастамасын отызға жуық кәсіпкер қызу қолдаған. «Шапағат» коммуналдық базары директорының орынбасары Рақымжан Таңсықбаевтың айтуынша, халыққа қажетті азық-түлік пен киім-кешек, тұрмыс құралдары мен көрпе-жастық, ойыншықтар мен дәрі-дәрмектер бір жарым тәуліктің ішінде жиналыпты. Елордалық бес қонақүй, он алты базар және онға тарта сауда үйінің қожайындары Батыс Қазақстан облысында қалыптасып отырған күрделі жағдайға қабырғасы қайысатындықтарын және отандастарынан қолдан келген көмектерін аямайтындықтарын жеткізуін өтінген екен.
«Аттис Орал Агро» кәсіпорнының А.Иманов атындағы №12 кәсіптік лицей маңындағы көкөніс қоймасына жеткізілген гуманитарлық көмек таяу арада Орал қаласындағы «Саяхат», автобекеттегі, «Аниплаз» қонақүйлері мен бұрынғы №1 және №2 облыстық балалар ауруханалары ғимараттарын, «Колос» және «Жастар» мәдениет үйлерін паналауға мәжбүр болған 1200-ден астам таратылып берілмек.
Астаналықтарға облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы мен барша батысқазақстандықтардың шынайы ризашылығын жеткізген облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен қайырымдылық есепшоттарға ақша аударушылардың қатары сағат санап молайып отырғандығын айтты.
Қазіргі таңда апат салдарын жою мақсатында арнайы ашылған қос қайырымдылық есепшотқа 55 млн. теңге қаражат келіп түсті. Үкімет қаулысына сәйкес еліміздің барлық облысы Орал өңіріндегі табиғи апат салдарын жою жұмыстарына 100 млн. теңге қаржы жөнелтетіні мәлім. Көршілес Маңғыстау және Атырау облыстары алғашқылардың қатарында әрқайсысы 100 млн. теңгеден аударды.