«AstanaFloraExpo-2013» көрмесінде гүлдер мен ландшафтық сәулет саласындағы үздіктер қатысады
astana.kz сайтының жазуынша, жобаны ұйымдастырушылар көрме алаңына бақ-парк құрылысы, ландшафты сәулеті пен көгалдандыру саласындағы мамандардың басын қосуды мақсат тұтыпты. Сол арқылы әлемдік флористика мен ландшафты дизайны бағытындағы қазіргі заманғы мүмкіндіктерді елорда мен республиканың аймақтарында қолдануға тың қадамдар жасайды.
Келушілердің назарына бірінші «Village» - мамандандырылған экспозициясы - коттедждер мен қала сыртындағы учаскелерді безендіру нұсқасы ұсынылады.
Көрмеге 30 отандық, 40-тан астам шетелдік компаниялар қатыспақ. Соның ішінде Германия, Голландия, Израиль, Қазақстан, Колумбия, Ресей, Түркия, Франция және Эквадордан өндіруші-фирмалар бар.
Айта кетерлігі, көрме аясында 24-25 сәуір күндері есте қаларлық оқиға - «Алтын Гүл-2013» кәсіби флористикасының алғашқы қазақстандық чемпионаты өтеді. Барлық байқау тапсырмаларының ортақ тақырыбы: «Көктем - махаббат айы» (үйлену тойы флористикасы). Қазылар алқасы құрамында Ресей, Венгрия және Голландияның атақты флористері болады деп жоспарлануда. Жеңімпаздардың басты жүлдесі - 2013 жылдың 5-7 қыркүйегінде Хорватияның Сплит қаласында өтетін «Eurofleurs-2013» жастар арасындағы кәсіби флористиканың еуропа чемпионатына жолдама болмақ.
Сондай-ақ, чемпионат аясында «Deliflor Chrysanten BV» (Голландия) компаниясының, Ресей мен Еуропаның көрнекті флористерінің қатысуымен «Smithers-Oasis» неміс компаниясының флористикалық жұмыстары мен жаңа маусымдық жаңалықтарының флористикалық көрсетілімдері қойылады
Көгалдандыру мамандары үшін ауқымды бағдарламаны көрмеде әлемнің «Lorberg», «Lappen Pflanzenhandel», «Terracult GmbH» компаниясы (Германия), «Meilland» (Франция), «Орыс бау-бақшасы» компаниялар тобы (Ресей) ұсынады.