19:21, 26 Қазан 2009 | GMT +5
Астаналық жолаушы жеңіл көлігімен 4 жылқыны мерт қылды
КӨКШЕТАУ. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Бүгін таңертеңгілік Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданы аумағындағы Екатеринбург-Алматы күре жолы бойында жол таңдамайтын көлікпен келе жатқан жолаушы төрт жылқыны қағып кетіп, мерт қылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық жол полициясы басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Ризахмет Жанбековтың айтуынша, астаналық нөмірлі Тойота-Ланкрузер көлігінің жүргізушісі жылдамдықты шамадан тыс арттырып, Молодежный ауылына бұрылыста малдарды қағып кеткен. Осы тұста жылдамдықты шектеуге байланысты белгі тұрғанымен, жолаушы жүрісін тежемеген. Алдын- ала есептеу бойынша ауыл тұрғындарына бір миллион теңге көлемінде шығын келтірілген. Қазір Зеренді аудандық ішкі істер бөлімі тиісті тергеу амалдарын жалғастыруда.