Астананы әлемнiң iрi қаржы орталықтарымен байланыстыратын әуе рейстері ашылатын мерзімдер аталды

Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттiгiнiң ресми сауалына берген жауабында ҚР Инвестиция және даму министрлiгi хабарлады.
Естерiңiзде болса, Мемлекет басшысының «100 қадам» Ұлт жоспарында Astana EXPO-2017 инфрақұрылымы аясында арнайы мәртебеге ие Астана халықаралық қаржы орталығын (AIFC) құру бойынша тапсырма берiлдi. Нұрсұлтан Назарбаев ол үшiн бiрiншi кезекте Астана мен әлемнiң iрi қаржы орталықтарымен жалғайтын үздiксiз қатынайтын ыңғайлы әуе рейстерін ашу қажеттiгiн атап өттi.
«Бүгiнгi таңда рейстер Франкфурт, Бейжiң, Ыстамбұл, Мәскеу, Лондон, Париж, Сеул бағытында ұшып тұрады. Соңғы екi рейс жақында ғана ашылды (Париж - наурызда, Сеул - маусымда). 2019 жылға дейiн тағы бес бағыт бойынша әуе рейстерi қатынамақ (Дубай - 2015 жылы, Гонконг - 2016 жылы, Токио - 2017 жылы, Сингапур - 2018 жылы, Нью-Йорк, Шанхай - 2019 жылы). Халықаралық жолаушылар тасымалының дамуын қамтамасыз ету үшiн туристiк белсендiлiк байқалып отырған Қытай, Жапония және Сингапур елдерiне визалық режімдi жеңiлдету жоспарлануда», - делiнген «ҚазАқпаратқа» берiлген ресми жауапта.
Министрлiктiң агенттiкке хабарлағанындай, 2014 жылы әлемде әуе жолдары арқылы тасымалданған жүктердiң жалпы көлемi 51,3 млн. тоннаны құраған. Оның iшiнде 19,6% (10 млн. тонна) «Азия-Еуропа» бағытына тиесiлi. Қазақстан арқылы бiр жылда өтетiн транзиттiк жүктердiң 1,5 млн. тоннасы өтедi.
«Жүк тасымалының толық әлеуетiн пайдалану мақсатында электронды құжат айналымын енгiзу үшiн салық және кеден заңнамаларына өзгертулер енгiзу жоспарланып отыр. Осы қадамды жүзеге асыру барысында 2020 жылға қарай бiз транзиттiк жүктердiң 30 пайызына (500 мың тонна) қызмет көрсетудi көздеп отырмыз», - деп атап өттi ИДМ.