Астананың қауіпсіздігі үшін қала аумағын түгел қамтитын 10 мың бейнекамера орнатамыз - Н.Әлиев
Бұл туралы бүгін «Astana Invest 2015» VI Халықаралық инвестициялық форумының «Астана инновациялық хаб ретінде» тақырыбындағы пленарлық сессиясында Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрәлі Әлиев мәлім етті. «Смарт Астана» жобасының негізгі ерекшелігі - жоба 100 пайыз инвесторлардың қаражатына жүзеге асырылады. Ерекше атап өткім келетін жайт, биыл мемлекеттен шығын шыққан жоқ. Салыстыра кетсек, 2014 жылы мемлекеттік бюджеттен 2 млн долларға жуық қаржы тартылған. Ал, 2015 «Смарт Астана» бағдарламасының аясында 10 млн доллар инвестиция тартылған бес ілкі жоба іске қосылды. Тағы айта кетерлік жайт, инвесторды тарту - смарт технологияларды жедел түрде енгізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте, біз инвесторларға ашықтық, өзара тиімділік және сенім қағидаттарына кепілдік береміз. Астанаға инвестиция салыңыздар, елорданы ақылды қалаға айналдыруға үлес қосыңыздар», - деген әкім орынбасары статистиканы сөйлетті. «Статистикаға сүйенсек, Астана Қазақстанның елордасы атанғаннан бері қалаға 5 млрд доллар инвестиция тартылған. Астананың қауіпсіздігі, инфрақұрылымы, халық санының тез өсуі инвестиция тартудағы басты тартымды тұстар деуге болады. Қала дамуындағы негізгі аспект - елорда тұрғындарының қауіпсіздігі. Астана бұл бағытта да жүйелі жұмыс атқарып келеді. Бүгінде Астанада 1001 бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал, болашақта біз бүкіл қаланы қамту арқылы 10 мыңнан аса бейнебақылау камерасын орнатамыз», - деп хабарлады әкім орынбасары. Оның айтуынша, қала әкімдігі жас инноваторларды қолдай отырып, осы уақытқа дейін 18 жобаны қаржыландырған. . Бұл жобалар кәсіпкерлерге 174 млн теңге көлемінде пайда әкеліп, старт-ап жобалардың арқасында "Қазақстанда жасалған" 14 өнім патенттелген екен.