Астананың өзінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «кедергісіз» орта мәселесі шешілмей отыр
«Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығына қатысты ең өзекті мәселе - «кедергісіз» ортаны қалыптастыру. Әзірше, өңірлік деңгейде нысандарды салу барысындағы паспорттау қағидаттары түсініксіз. Бізге жергілікті атқарушы органдар үшін әдейі белгілі бір көрсеткіштерге жеткендігі туралы жалған хабарлайтындай жағдай жасалып қойған секілді. Өйткені, нысандардың қолжетімділік картасы болмайынша, ауқымды жобалардың өңірлердегі атқарылуын бағалау мүмкін болмай отыр», - дейді Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы. Бұл ретте депутат мүмкіндігі шектеулі адамдардың қозғалысы үшін стандарттарға сай жабдықталмаған ғимараттарды пайдалануға қабылдау әлі күнге жалғасып жатқанын алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, жаңа ғимарттарда зағип жандарға арналған тактильді жолдар мен ұстағыштар жоқ. Мүгедектер арбасын құлатып алмайтындай параметрлерге сай салынған арнайы пандустар, ең ақыр аяғы мүгедектер ғимаратқа енуі үшін көмекшіні шақыртатын қоңыраулар да жоқ. «Басқасын айтпайық, тіпті Астананың өзінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «кедергісіз» орта мәселесі өз шешімін таппай отыр емес пе? Қазақстан мүгедектер конфедерациясының сарапшылары елорданың сол жағалауындағы адам ең көп баратын ғимараттарындағы пандустарды сынап көрген екен. Нәтижесінде «Астана-Опера» театрының пандусы ғана арбаға таңылған мүгедектер үшін ыңғайлы екендігі анықталды. Біз «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізгелі отырмыз. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, көрмені тамашалаушылардың 3-5 пайызын мүмкіндігі шектеулі туристер құрайды екен», - деді Г.Ықсанова.