Астананың жаңа университеті - бұл қазақ халқының, қазақ педагогтарының күш-қуатымен ғасырға ұласатын кәсіпорын - Фредерик Старр
Мәслихатты ашқан «Астананың жаңа унивреситеті» АҚ-ның вице-президенті Қадиша Дайырова, университеттің қалыптасуының бірінші жылдарында халықаралық тәжірибені зерттеу және қолдау мақсатында білім ошағында Халықаралық консультативтік кеңестің құрылғанын атап өтті. Оның құрамына Вашингтондағы зерттеулер институтының басшысы, Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы өкілдігінің бұрынғы директоры Дениис де Трей, Орталық Азия және Кавказ институтының төрағасы, Джонс Хопкинс университеті Пол Ницше атындағы Озық халықаралық зерттеулер мектебінің профессоры Фредерик Старр, Мэриленд университетінің құрметті профессоры әрі АҚШ-тың ғарыштық зерттеулер институтының құрметті директоры Роальд Сагдеев және Кэмбридж-Орталық Азия бағдарламасының төрағасы, Орталық және Орталық Азия жөніндегі комитеттің құрметті хатшысы Сиддхарт Шанкер Саксена сынды ғалымдар енген.
«Бұл университет халықаралық жоғары оқу орындарымен серіктестік негізде құрылады. Алайда, бұл түбегейлі қазақ ғалымдары, профессорлары тыс қалып қойды дегенді білдірмейді. Керісінше, жаңа университетке шет елде білім алып, қазіргі уақытта сол жақта дәріс оқып жүрген ең үздік, қабілетті, жас қазақ ғалымдары тартылады. Олар белгілі бір уақыт аралығында Қазақстанға оралып, оның ғылыми өміріне белсене араласады. Менің пікірімше, бұл шетелдік және жергілікті ғалымдардың, профессорлардың бірлескен кәсіпорны. Сонымен қатар бұл қазақ халқының, қазақ педагогтарының күш-қуатымен ғасырға ұласатын кәсіпорын», дейді Фредерик Старр.
Мемлекет басшысының аты берілген Астананың жаңа университетінің ашылу рәсімі шілденің 6-сы күні өтеді. Алғашқы студенттер университет бакалавриатының бірінші базалық курсы - Foundation бағдарламасына қабылданады. Базалық курсқа түсу тәртібі шетелдік серіктес Лондон университетінің колледжімен белгіленген.