Астық дақылдарының түсімі аз болғанымен көкөністен өнім мол болды - Қ. Бозымбаев

Павлодар облысындағы ауыл шаруашылығы жерлері 11,2 млн. гектарды құрайды. Оның ішінде 1,6 млн. гектары егістік алқабы болса, 8 млн. гектар жер - жайылым.
«Биылғы жылы егістік алқап көлемі 1,1 млн. гектарды құрады, оның 59 пайызы дәнді дақылдар. Егістіктің үлкен көлеміне қарамастан, биылғы жылғы құрғақшылық салдарынан дәнді дақылдарының өнімділігі 2 есеге төмендеп, гектарына 6,5 центнерден түсім берді. Алайда, өсімдік шаруашылығында алқаптарды әртараптандыру оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Осының арқасында дәнді дақылдар аз болғанымен, көкөністен мол егін жинадық», - деді Қанат Бозымбаев.
Оның сөзіне қарағанда, биыл картоп 440 мың тонна (өсімі 30 пайыз), 196 мың тонна көкөніс (21 пайызға өсім) жиналған. Өңір әкімінің айтуына қарағанда, өсімдік шаруашылығындағы оң көрсеткішке биылғы жылғы суармалы жерлерді 33,6 мың гектарға дейін арттыру нәтижесінде қол жеткен.
«2020 жылға қарай біз бұл көрсеткішті 60 мың гектарға ұлғайтпақпыз, соның ішінде біз суармалы жерлерде тек жаңбыр немесе тамшылату технологиясын пайдаланатын боламыз. Қазірдің өзінде ылғал үнемдеу технологиялары 379 мың гектар алқапта қолданылған», - деді Қ. Бозымбаев.