Ата-бабамыздың ертеден келе жатқан мал шаруашылық кәсібін қайта жандандыруымыз керек - Е.Балтаев

Ы. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы облысының таулы жайылымы қайта жанданып келеді. Кеше Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы өкілдері Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шиен ауылдық округінің таулы жайылымындағы шопандарына екі киіз үй және күн сәулесінен қуат алатын спутниктік телефон мен бірнеше медициналық қобдишаларды тату етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Аталмыш шара ҚР Үкіметінің, Ғаламдық экологиялық қордың, Қазақстандағы БҰҰ даму Бағдарламасы мен техникалық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының "Ауылдық тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту және экологиялық тұтастықты сақтау мақсатында жайылым жерлерді тұрақты басқару" жобасы аясында өтіп отыр. Жобаға 3 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Жалпы жыл соңына дейін 14 кигіз үй берілмек. Шопандарға өте тиімді мұндай үйлердің бағасы 450 мың теңгені құрайды екен.

"Біздің жобаның шеңберіне Жамбыл ауданының Айдарлы, Мәтібұлақ, Үлгілі және Шиен ауылдық округтері кіреді. Бұл ауылдық округтің таңдалып алыну себебі бұл аймақтарда бүкіл Қазақстандағы жайылымдардың барлық көрінісі қамтылған. Яғни таулы жайылым, шөлейіт және шөлді аймақтағы, жазық далалық жайылымдар. Осы ауылдық округтерде пилоттық жобаларымызды жүргізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз - осы жайылымдарды дұрыс пайдаланудың үлгісін көрсету және ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдардың қажеттіліктерін анықтап, сол мәселелерді шешуге көмектесу", дейді жоба менеджері Ержан Балтаев.

Сондай-ақ ол бұған дейін таулы жайылымдағы шопандардың қажеттіліктерін өтеу мақсатында жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, күн сәулесімен жұмыс істейтін құрылғылардың орнатылғандығын жеткізді. "Сонымен қатар 700 гектарға жуық пайдаланылмай жатқан жерлерді игеріп, жайылымдыққа айналдырып жатырмыз. Яғни малдың қысқы азығына қажетті ұзақ мерзімі шөптер мен жоңышқа егіп, су алатын құдықтарды жөндеп, алшақ жатқан жайылымдардағы инфраструктураны дамытып жатырмыз", деп атап өтті Е.Балтаев.

Жобаның жүзеге асырылуы кезеңі 2009-2011 жылдар. Бұдан алынған тәжірибе бүкіл Қазақстан бойынша таралмақ.

Соңғы жаңалықтар