«Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығында көрме маусымы басталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны қазақстандық «Итеса» көрме компаниясы ұйымдастырып отыр. Оған ресми қолдау көрсеткендер - ҚР Құрылыс және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық істері агенттігі мен Алматы қаласы әкімдігі. «Итеса» компаниясының құрылыс көрмелері департаментінің директоры Наиля Сермұхамедованың айтуынша, «Құрылыс» - KazBuild Spring 2010 және «Терезелер, есіктер мен қасбеттер» - WinTecExpo Kazakhstan 2010көрмелеріне биыл 14 елден 165 компания қатысып отыр. Олардың - 54 пайызы Қазақстан, 12 пайызы Ресей, 8 пайызы Германия, 6 пайызы Түркия, 5 пайыз Қытай, 4 пайызы Украинадан. Оған жаңадан қатысып отырған елдер арасында БАӘ мен Хорватия бар.
«Химия өнеркәсібі», «Пластмасса мен каучуктар өндіруге және өңдеуге арналған шикізат, жабдық пен технологиялар» көрмелеріне Австрия Германия, Қазақстан, Қытай, Ресей және Финляндиядан 15 компания қатысып отыр. Олардың арасында биыл бұл шараға алғаш рет пропилен мен полипропилен өндіретін қазақстандық «Компания Нефтехим Ltd» және пластмасса өндірісіне арналған шикізат пен қосалқы материалдар ұсынған «Diba PVC Co» компаниялары бар. Онда пластмассаларды өңдеу және өндіру бойынша жабдықтың ауқымды бөлігін Қытайдан келген компаниялар ұсынуда. Ал австриялық экспонент-компаниялар биыл пластикті және қиын өңделетін әртүрлі қалдықтарды екінші рет өңдеуге, сондай-ақ сусын құятын РЕТ шөлмектерді өңдеуге арналған жабдықтарын алып келген.