Атырау мен Ақтаудың аралығына жолаушылар автобусы қатынайды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау мен Ақтау қалаларының аралығына жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көлікті іске қосу жоспарланып отыр. Алғашқы автобус 14 наурызда жолға шығады.
Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің 5 ақпанда бекіткен кестеге сәйкес жолаушылар автобусы күн сайын жүреді.
Екі қаланың аралығы – 898 шақырым. Жолаушылар автобусы Атырау қаласынан таңғы сағат 7:00-де қозғалып, кешкі сағат 19:06-да Ақтауға жетеді. Жол жүру ұзақтығы – 12 сағат 6 минут.
Жолақысы бір бағытқа ересектер үшін – 7 мың теңге. Ал 7-18 жас аралығындағы жасөспірімдер 3 мың 500 теңге төлейді.
Қоғамдық көлік жолда үш елді мекенге тоқтайды. Оның бірі – Атырау облысындағы Құлсары қаласы. Мұндағы тоқтау уақыты – 15 минут.
Сондай-ақ Маңғыстау облысының Бейнеу елді мекенінде 25, ал Шетпе ауылындағы Қосбұлақ шағын ауданында 15 минут тоқтап тұрады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудан Алматыға баратын 160 жолаушы Қарабатан стансасына автобуспен жеткізілгенін хабарлаған едік.