Атырауда соңғы 3 жылда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры 3,5 есеге ұлғайған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда жыл сайын тұрақтандыру қорында сақталатын әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қорын көбейтуге назар аударылып отыр. Соңғы 3 жылда осындай тауарлар қоры 3,5 есеге ұлғайған.
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ төрағасы Данияр Тахановтың баяндауынша, 5 жыл бұрынғы статискамен салыстырғанда, тұрақтандыру қоры арқылы өткізілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының түрі 5-тен 18-ге, сату нүктелері 4-тен 54-ке, ал, сатылған көкөніс өнімінің көлемі 3 жылда 1 461-ден 5 136 тоннаға дейін ұлғайған.
«Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін айналым қаражатын толықтыру көзделді. Осы мақсатта жергілікті 2 сауда желісімен және 8 тауар өндірушімен келісімшарт жасалды», - дейді Данияр Таханов.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің пікірінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмысты жандандыру қажет.
«Елдің берекесін арттыру үшін қоғамның тыныштығына баса мән беру қажет. Осы орайда ең басты мәселе – күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Әкімдік жанынан әсер етуші факторларды жою керек. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын негізсіз өсіруге жол беруге болмайды. Облыс тұрғындары үй маңындағы дүкендер мен шағын маркеттерде баға көтерілгенін байқаса, шағымды кімге, қайда жазу керектігін білуге тиіс. Бағаны негізсіз өсіргендерге қарсы жұмыс тоқтамайды», - деді Жасұлан Бисембиев.