Атырау: «Қазақстан Барысы» турнирінде С. Закарияев пен Қ. Өтегенов бақ сынайтын болды

АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Атырауда Президент жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне іріктеу жарысы аяқталды.
None
None

Облыстық турнирдің бас жүлдесін 20 жастағы палуан Сұңғат Закарияев жеңіп алды. Енді маусым айында Астанада өтетін дәстүрлі дода да бірінші және екініші орын алған екі палуан Атырау облысының намысын қорғайтын болады, деп хабарлайды 24.kz.

Атырау өңірінде жақсы дамыған спорт түрінің бірі - күрес. Облыстық деңгейдегі «Атырау барысы» турниріне 22 түйе палуан қатысты. Салмақ айырмашылықтары 75-130 келіге дейін. «Күш атасын танымас» деген қазақ күресінің ерекшеліктерінің бірі - осы. Түйе палуан атансаң, салмақ дәрежесіне қарамай белдесуіңе тура келеді. Бұл жолы бабы да, бағы да келісіп тұрған небәрі 20 жастағы Сұңғат Закарияев небір түйені де, бураны да бұрап тастады. Дзюдодан спорт шебері, 82 келі салмақтағы Сұңғат ақтық сында қарсыласының ауыр жарақат алғанына байланысты жеңісті уақытынан бұрын иемденіп, қызылқоғалық жанкүйерлердің мерейін үстем етті.

Атырау облысынан «Қазақстан Барысы» турниріне түйе палуан атанған Сұңғат Закарияев пен Қайрат Өтегеновтер жолдама алды. Өкінішке орай ақтық сын кезінде Қайрат қолын шығарып алғандықтан, біраз ем алуға тура келетін болды. Ал оның орнына үшінші орын алған палуан Бекболат Салықовтың облыс намысын қорғауы да әбден мүмкін.

Соңғы жаңалықтар