Атырау мұнай өңдеу зауыты Мұнайды ауқымды өңдеу кешенінің құрылысын салу жөніндегі шартқа қол қойды

АСТАНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - 29 желтоқсан күні Атырау қаласында Мұнайды ауқымды өңдеу кешені құрылысын салу туралы шартқа салтанатты түрде қол қойылды,
None
None

деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметі.

Шараға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өңдеу және мұнай химиясы жобалары жөніндегі бас менеджері Ғалымжан Амантурлин, Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Талғат Байтазиев, сонымен бірге жобаның жүзеге асуына жауапты Консорциум мүшелері қатысты.

Мұнайды ауқымды өңдеу кешенінің құрылысы мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге аспақ және АМӨЗ-ын жаңғыртудағы соңғы кезең болып саналады. Бұл мұнай өңдеу тереңдігін 85 пайызға дейін жеткізуге, Еуро-5 деңгейіне сәйкес келетін мотор отындарын шығаруға мүмкіндік береді. Кешен жылына 2,4 миллион тонна шикізат (қарамай, вакуумды газойль) өңдеуге есептелген.

«Бұл «ҚазМұнайГаз» компаниясының МҮИИДБ аясында жүзеге асып жатқан ірі инвестициялық жобаларының бірі. Оны жүзеге асыру белгіленген мерзімге сай жүріп жатыр. Қазақстандық мұнай өңдейтін зауыттарды жаңғырту ішкі нарықты сапалы отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта автокөлік иелері күні бүгінгі жанар-жағар майға қатысты мәселелерден түбегейлі арылатын болады», - деді өз сөзінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өңдеу және мұнай химиясы жобалары жөніндегі бас менеджері Ғалымжан Амантурлин.

Құрамына «Sinopec Engineering", «Marubeni Corporation» компаниялары және «КазСтройСервис» ҰМҚК АҚ кірген Консорциум 2011 жылдың қазанында құрылған. «Sinopec Engineering" (ҚХР) компаниясы жобаның жалпы жүзеге асу барысын мойнына алады. «Marubeni Corporation» (Жапония) компаниясы жапондық халықаралық серіктестіктен қаржыландыруды ұйымдастырады және соған қатысты қызмет түрлерімен айналысады. Сатып алу, логистика саласына қатысты жұмыстарды да өз мойнына алмақ. «КазСтройСервис» ҰМҚК АҚ (Қазақстан Республикасы) құрылысқа және жабдықтау мәселесіне жауапты.

Жобаның құны - қосымша құн салығын қоса есептегенде 1 миллиард 679 миллион 892 мың 520 АҚШ долларына тең. Жүзеге асу мерзімі - 41 ай.

«2016 жылы Еуро-5 деңгейіне сәйкес мотор отынын шығаратын тұңғыш кәсіпорын болатынымызға сенімдімін», - деді зауыт басшысы Талғат Байтазиев.

Соңғы жаңалықтар