Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмысы 2017 жылдың ІІ тоқсанында аяқталады

Энергетика министрі мәлім еткендей, Қазақстанның үш зауыты ішкі нарықтағы жанар-жағармай сұранысының 70 пайызын қамтып отыр. Ал, қалған отыз пайызы - импорт.
«Ішкі нарықтың 30 пайызы импортқа тәуелді. Ішкі нарықтың сұранысын 100 пайыз қамту үшін мұнай өңдеу зауыттары жаңартудан өтіп жатыр. Бірақ, бұл жұмыс әр зауытта әртүрлі сатыда орындалып жатыр», - деген Қ.Бозымбаев «энергетика министрі бола салысымен, мұнай өңдеу зауыттарының жаңғыру барысымен танысқанын» жеткізді.
«Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту барысына қатысты нақты айтарым: бүкіл механикалық қондырғылар жыл соңына дейін орнатылып бітеді, бірақ іске қосу үшін бірнеше ай керек. Сондықтан, келесі жылдың екінші тоқсанында Атырау мұнай өңдеу зауыты жаңғыртуды аяқтап, біздің экономикамыз осы жобаның арқасында айтарлықтай жақсаруы керек», - деді Қ.Бозымбаев.
Бұл ретте, ведомство басшысы маусым айында қалған екі зауытқа барып, жұмыс барысымен танысатынын жеткізді.
«Павлодар мұнай-химия зауыты мен Шымкенттегі зауытта жваңғфырту мен қайта құрастыру жұмыстарының механикалық тұсы 2017 жылдың соңында аяқталады. Жоспар әртүрлі себептермен кешіктіріліп жатыр, қаржыландыру тұрғысынан да шешілмеген мәселелер болды», - деді Қ.Бозымбаев.