Атырау облысында 14 елді мекен газсыз қалды

Облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметінің жетекшісі Самал Әбдірованың сөзіне қарағанда, газ құбырында жұмыс қысымының төмендеуі туралы хабар бейсенбі күні сағат 14.00-де түсті. Сағат шамамен 16.20-да ауданның 14 елді мекеніне газ беру мүлдем тоқтады. Оқиға орнына газ компаниясының мамандары аттанды. Оларға көмекке «Трэкол» жол талғамайтын көлігімен ҚР ТЖМ Батыс өңірлік аэромобильді жасағы департаментінің қызметкерлері жетті.
«Қараңғы түскенге дейін газ құбырының 85 шақырымы тексерілді, алайда апат орнын анықтау мүмкін болмады. Бүгін таңертең газ құбырын тексеру жалғасты. Құбырдың жарылған жерін табу үшін тағы 50 шақырым жүріп өту керек», - деді С. Әбдірова.
Газсыз қалған 14 елді мекенде 16 600 адам тұрады. Мұнда газбен жылытылатын 2 776 тұрғын үй мен 41 әлеуметтік-мәдени нысан бар.