Атырау облысында 16 мыңнан астам адам үшінші күн газсыз отыр

Газ қызметінің мамандары магистральді газ құбырының жарылған жерін анықтай алмаған соң, оларға көмекке кеше «Қазәуеқұтқару» ұшағымен ТЖД-нің қызметкерлері мен «ОблТрансГаз» мамандары көмекке аттанды. Алайда ұйытқыма жел мен қалың қар газ құбырының қалған 50 шақырымын жіті тексеруге кедергі болды. Құтқарушылар тобы Атырауға қайтуға мәжбүр болды. Бірақ бүгін тексеру жұмыстары қайта жанданады.
Еске салайық, өңірдің шеткері орналасқан - Қызылқоға ауданына баратын газ құбырында жұмыс қысымының төмендеуі туралы хабар бейсенбі күні, сағат 14.00-де түсті. Сағат шамамен 16.20-да ауданның 14 елді мекеніне газ беру мүлдем тоқтады. Газсыз қалған елді мекендерде 16 600 адам тұрады. Мұнда газбен жылытылатын 2 776 тұрғын үй мен 41 әлеуметтік-мәдени нысан бар.