Атырау облысында келесі жылы жетім жасөспірімдердің барлығына баспана беріледі - Б.Ізмұхамбетов
Аймақ басшысы алдымен облыстағы тұрғын үй құрылысына қатысты жаңалықтарды жеткізді. "Орташа есеппен жылына жарты миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Биыл бюджеттен 2196 пəтерлі 66 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Аудан орталықтарында əлеуметтік əлжуаз топтар мен бюджет қызметкерлеріне арналған 60 пəтерлі үш қатарлы тоғыз үй салынды. Оның бір бөлігі тапсырылды, қалғандары жыл соңына дейін тапсырылады. Жастарды тұрғын үймен қамту мəселесіне де үлкен көңіл бөлудеміз. "Жас отау" бағдарламасы бойынша биыл 90 пəтерлі үй тапсырылды. Екінші 120 пəтерлік үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ол алдымыздағы жылы, нақтырақ айтсам, бірінші жарты жылдықта тапсырылуға тиіс. Жыл соңына дейін тағы да 75 жас отбасы пəтер алады. Облыс орталығында əлжуаз топтар үшін 240 пəтерлі үй салынып, тапсырылды. Қазір дəл сондай үй салынып жатыр. Ол келесі жылдың бірінші жарты жылдығында тапсырылады",- деп мəлім етті əкім. Облыс əкімі атап өткендей, Атырау облысының басшылығы тағдыры қиын жастарға қолдан келген көмекті аямайды, əрі ең өзекті мəселе баспана болғандықтан, ең алдымен жетім балаларды тұрғын үймен қамтуға көп назар бөлінеді екен. "Тағдыры қиын, балалар үйінде тəрбиеленген жастарды тұрғын үймен қамту мəселесіне көп көңіл бөлеміз. Облыстағы 440 түлектің 320-сы пəтер алды. Келесі жылы бұл мəселені біз толықтай жабамыз", - деп хабарлады аймақ басшысы.