Атырау облысында мемлекеттік шекараға жақын жерге зымыран құлады - облыстық прокуратура
Жергілікті атқарушы өкіметтерге сілтеме жасап облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Светлана Жұмашеваның хабарлауынша, далалы алқапқа зымыран құлаған. Құдай сақтап, ол жарылмай қалған, сондықтан да жауынгерлік жаттығулар өтіп жатқан Ресейдің Астрахан облысындағы полигоннан ұшырылған зымыран әскери емес, жаттығу зымыраны деп пайымдауға болады.
«Зымыран Ресей Федерациясымен арадағы мемлекеттік шекарадан 7 шақырымдай жерге, Атырау және Астрахан облыстарының түйіскен аумаққа құлаған. Зымыран құлаған нүкте Атырау облысы Құрманғазы ауданының Балқұдық ауылынан 30 шақырымдай жерде орналасқан. Ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиға орнына аудандық әкімдік пен төтенше жағдайлар ведомствосының өкілдері аттанды», деп хабарлады С.Жұмашева.