16:19, 05 Наурыз 2012 | GMT +5
Атырау облысында орын алған магистральді газдың жарылуы ауа райының төмен температурасы салдарынан болды - ТЖД
АТЫРАУ. 5 наурыз. ҚазАқпарат - 1 наурызда Атырау облысында орын алған магистральді газдың жарылуы ауа райының төмен температурасының салдарынан болды. Айта кетейік, бұл апаттың салдарынан 14 елді мекен газсыз қалған еді.

«3 наурызда Қызылқоға ауданының Қарабау кентінен шамамен 12 шақырым жердегі торапта 400 миллиметрлік газ құбырының жарылған жері табылды. Ауа райының төмен температурасы полиэтиленді құбырдың қысылуына, апаттың орын алуына әкеп соққан», - деп хабарланды облыстық Төтенше жағдай департаментінен.
ТЖД-нің берген ақпаратына қарағанда, бірнеше күн бойы газсыз қалған елді мекен мен әлеуметтік нысандар мазут арқылы жылытылды. Газбен жылытылатын қазандықтар мен жылыту жүйелерінің қатып қалуы туралы оқиғалар тіркелген жоқ. 3 күн бойы газсыз қалған елді мекенде 16 600 адам тұрады. Бұл жерде газбен жылытылатын 2776 тұрғын үй мен 41 әлеуметтік нысан бар.