Атырау облысында тамыздың 9-ында ұрланған бала бүгін отбасымен қауышты

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ. Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат - Тамыздың 9-ынан 10-ына қараған күні Жылыой аудандық ішкі істер бөліміне арызданған құлсарылық 25 жастағы ана кешкісін шамамен 21.00 сағатта көзінің алдында аулада балалармен араласып, ойнап жүрген 2 жастағы сәбиінің жоғалып кеткенін жеткізеді, деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.
None
None

Ешқандай жаманшылық ойламаған ана баласын өз бетімен ауладан шығып кеткенге жорып, сол маңайдан іздей бастайды. Баланың табылмасына көзі жеткен отбасы полицияға хабарласып, арызданады. Аудандық полиция бөліміндегілер жас сәбидің жоғалуына байланысты «дабыл» көтеріп, бір кісідей сол маңайды, көше-көшелерді, дүңгіршіктер мен дүкендер айналасы, құдық, жертөлелерді аралап, түнгі 4-5-ке дейін іздеу жүргізеді. Ертеңгілік сағат 7-де тұрғындарға барып, әрқайсысымен баланың суреті көрсетіліп, сұрау жұмыстары жүргізіледі. Ертеңгілік көмекке облыстық ІІД-нен арнайы құрылған тергеу-іздестіру тобы келеді. Сұрастырылған тұрғындар жоғалған баланы суретінен танып, кеше кешкісін осында тұратын азаматшамен көргендерін айтады. Мұны бірнеше адам қайталайды. Күдікті, қаңғыбастықпен айналысатын 1982 жылғы азаматша анықталып, полицейлер іздеу жұмыстарын жалғастырады.

Тамыздың 10-ы күні кешкі сағат 18.00 шамасында күдікті азаматша мен жас сәби Құлсарыдан 10-15 шақырым жерде орналасқан «Ембі» ауылынан табылып, аудан орталығына жеткізіледі. Қуаныштысы - сәби дін аман. ІІБ бастығының орынбасары Ерболат Досмағұловтың айтуынша, күдікті азаматша жас сәби баламен өзінің таныстарының үйіне түнеп шыққан. Жасы 28-дегі азаматша ішімдік ішіп, қаңғыбастықпен, көше кезуді әдетке айналдырған жан. Өзін көрген, түнеп шыққан таныстарына «бала өзімдікі» депті.

Қазіргі кезде бала ата-анасына, отбасына қайтарылды. Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалуда.

Соңғы жаңалықтар