Атырау облысында жоғалып кеткен бірінші сыныптың оқушысын іздестіру жалғастырылуда
Атырау облысы ІІД баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарованың айтуынша, қалалық №6 орта мектептің оқушысы Бектас Мәдиев сенбі күні, ақпанның 20-сында жоғалып кеткен.
«Түске дейінгі сабақтар аяқталғаннан кейін мұғалім баланы киіндіруге көмектесіп, мектеп фойесінде шешесін күтуді тапсырған. Көп кешікпей анасы мектепке келіп, баласын таба алмай қалған. Ол жақын маңдағы Холодильник ауылында тұратын үйіне өзі кетіп қалған шығар деп, үйге қайтып оралған. Содан бері ешкім баланы көрмеген», - деді Г.Мұхтарова.
Сол күні кешке баланы іздеу басталып, жексенбі күні де жалғасты. Бүгін ІІД-інде шұғыл-тергеу тобы құрылды. Баланың болуы ықтимал таныстарының бәріне сұрау салынды, Ақтаудан шығатын теміржол құрамдары тексерілуде. Мектеп жанындағы өзен бойы да қаралды.