Атырау облысының әкімі тұрғындарды қабылдады

АТЫРАУ. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тұрғындарды жеке қабылдады.
None
None

Қабылдауға келген Құрманғазы ауданының тұрғыны Зинор Хамзаев өзінің ауыр жағдайын айтып, денсаулығына байланысты облыс орталығынан кезектен тыс пәтер алуға көмек сұрады. Германия мен Ленинградта Отан алдындағы борышын өтеп жүрген екі ұлы әскер қатарынан оралмаған және тағы бір баласы орта мектептің 10 сыныбында оқып жүргенінде қайтыс болған. Екі қызы медицина саласында жұмыс жасауда. Ал, жұбайы Батыр ана атанып отыр.

Ал, Исатай ауданының Хамит Ерғалиев ауылынан келген Бақтыгерей Отаров 2008 жылы Атырау политехникалық колледжін үздік дипломмен бітірген қызы Қалыгүлдің осы күнге дейін мамандық бойынша жұмысқа орналаса алмай жүргендігін айта келе ол: «Ауылда ауыз су мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Жұмыс 2010 жылы бастап жүргізілді, құбыр ауылдың бір көшесіне ғана тартылып, аяқсыз қалып қойды. Ауылішілік жол да - шешімін күткен мәселенің бірі. Ауылдағы кей көшелер де жөндеу көрмеген», - деп бірқатар проблемаларды ортаға салды.

Облыс басшысы қабылдауға келген азаматқа аталған мәселелерді орынды көтеріп отырғандығын жеткізді.

Ал Исатай Тайманұлының бесінші ұрпағы Ғазиз Шамақов батырдың Ақтөбе облысының Қобда ауданында орналасқан бейітіне кесене тұрғызуды өтінді. Бақтықожа Ізмұхамбетов бұл ұсыныстарды қолдады.

Бұған қоса, өзі үшін емес, өзгелердің ұсынысын жеткізгелі келген мақаттық Жандарбек Ермұханов Байшонас кентінің тұрғындарын Атырау қаласына көшіруге байланысты сол ықшамауданға «Байшонас» атауын беру және кенттегі монументті сол жерге орналастыруға көмек сұрады.

«Өткен жылы Байшонас елді мекенінен 233 үй көшіріліп, оларға 354 пәтер бөлінді. Бүгінгі күні аталған кенттен көшірілуге тиіс 45 үй қалып отыр. Тұрғындарға шамамен барлығы 267 пәтер қажет. Үстіміздегі жылдың мамыр айында Нұрсая ықшамауданындағы 184 пәтерлік №71, 72, 73, және 74-нші тұрғын үйлер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қалған елу отбасына 105 пәтер қажет болады және пәтер бөлу мәселесі заң шеңберінде қаралады. Облыс әкімінің тапсырмасымен ескенеліктер мен байшонастықтар көшірілген өңір орталығындағы үйдің маңдайшасында ауылдың атауы ілінді», - деді Атырау қаласы әкімі Серік Айдарбеков.

Ал, атауды өзгерту мәселесін облыс басшысы мәслихат депутаттарымен қарастыру керектігін жеткізді.

Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың көпшілігінің өтініш-тілегі баспана жайы болды. Әр адамның айтарына құлақ асып, жағдайларымен танысқан облыс басшысы: «Қай-қайсысыңыздың да жағдайыңызды түсінемін. Айтылған өтініштер ескерусіз қалмайды. Шешу жолдарын қарастырамыз. Бірақ, тағы қайталап айтамын, әрбір адам өз кезегімен заң жүзінде пәтерге ие болады», - деді.

Соңғы жаңалықтар