Атырау өңірін сумен қамтып отырған Жайық тайыздап келе жатыр - Ноғаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысын сумен қамтып отырған Жайық және Қиғаш өзендері тайыздап келе жатыр. Бұл туралы бүгін селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.
None
None

Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда Атырау облысының 162 елдімекенінің 125-і орталықтандырылған суды пайдаланып отыр. Биыл тағы 11 елді мекенді іске қосқанда, жылдың аяғына дейін елді мекендірдің 77,5 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі.

«Атырау облысында ауыз су негізінен Қиғаш және Жайық өзендерінен алынады және көп елді мекендер Астраxань-Маңғышлақ су құбыры арқылы сумен қамтамасыз етіледі. Біздің Сіздің назарыңызға қойып отырған мәселеміз және осы отырыстың xаттамасына енгізуіңізді сұраймыз. Жайық және Қиғаш өзендері тайыздап келе жатыр. Жазғы мезгілдерде осы су құбырынан су тұтынып отырған Атырау облысының елді мекендеріне су жетпейді. Су проблемасы бар», - деді облыс басшысы.

Бұл мәселені шешу мақсатында Н. Ноғаев Ақтөбе облысындағы Көкжиде жерасты су қорынан құбыр тартуды ұсынды.

«Ақтөбе облысында Мұғалжар ауданында Көкжиде жерасты су қоры бар. Кезінде 80-жылдары бұл қор зерттелген. Тәулігіне 200 мың текше метрге дейін су шығаратын мүмкіншілігі бар. Мамандардың айтуы бойынша, бұл толығымен зерттелмеген. Оның тәулігіне 500-600 мың текше метр су беретін мүмкіншілігі бар. Егер осы су қоры жұмыс жасап тұратын болса, онда осы жерасты су қоры өте пайдалы. Себебі фильтрациялық қасиеттері жұмыс жасап тұрған кен орнында су сапасы жақсарады. Осыны ескере отырып, Көкжидеден Құлсары қаласына дейін су құбырын жүргізу бойынша мемлекеттік органдарға тапсырма беруіңізді сұраймыз. Арақашықтығы 300 шақырым. Бұл бүгін-ертең шешілетін мәселе емес. Қазіргі таңда Сіздің алдыңызға қойып отырғанымыз, осы су қорын кеңінен зерттеп, мүмкіншіліктерін пайдаланып, ал су құбырын салу мәселесін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік принципімен салу мәселесін тиісті мемлекеттік органдарға тапсыруыңызды сұраймыз. Себебі Атырау облысында сумен қамту мәселесі жылдан жылға шиеленісіп барады», - деп түйді сөзін Атырау облысының әкімі. 

Соңғы жаңалықтар