15:27, 03 Наурыз 2012 | GMT +5
Атырау, Орал және Ақтөбеде ұрлық жасаумен айналысып келген қылмыстық топ құрықталды
АТЫРАУ. 3 наурыз. ҚазАқпарат -Атырау қалалық Ішкі істер басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері ақтөбелік әріптестерімен бірлесіп, тұрғын үйлердің балкондары арқылы пәтерлерді тонаумен айналысып келген қылмыстық топты ұстады.

Қылмыстық топ төрт адамнан - 25 жастағы ер адам мен 17, 18 және 23 жастағы қыздардан тұрды.
«Полиция қызметкерлері қылмыстық топты Ақтөбеде ұстады. Ұстау кезінде олардан әртүрлі қалаларда ұрланған ноутбуктер, видеокамера, «Витас» фирмасының ас үй пышақтарының жиынтығы, әйелдер сағаты, алтын және күміс әшекей бұйымдары, кальян, ұялы телефондар, флэш карталар мен басқа да заттар алынды.
Қазіргі уақытта ұсталғандар тек Атырау қаласының өзінде пәтер ұрлығы бойынша 20 фактіге қатысы бар екендіктерін мойындады», - деді Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің бастығы Г. Мұхтарова.
Сондай-ақ қылмыстық топ Орал мен Ақтөбе қалаларында да кем дегенде 20 ұрлық жасаған. Қылмыстық топтың әрекеттерін тергеу жалғасуда.