Атырау полициясы көлік жүргізушілерінің ұсынысымен Telegram-да арнайы чат ашты
Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, арнайы чатта жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі азаматтық бастамаларға қолдау көрсетіледі.
«Негізгі мақсат – жол қозғалысындағы қауіпсіздік сақтау үшін тәртіпті күшейту. Telegram желісі үнемі полицейлердің бақылауында болады. Мұнда жол қозғалысына қатысты кез елген заң бұзушылық назардан тыс қалмайды. Құқық бұзғандарға заң аясында шара қолданылады. Тіркелушілерден жол ережесін бұзған деректің фото-бейне жазбасы мен ақпаратты жіберу сұралады», - деп хабарлады Ерлан Биғамбаев.
Оның айтуынша, жолаушылар тасымалымен айналысатын автопарк басшылары мен такси қызметімен айналысатын, сондай-ақ ірі кәсіпорындардағы көлік жүргізушілерімен кездесуі өткен.
«Жүк көліктерінің жүргізушілері тас жолдарда басып озу қағидасын бұзатын, авариялық жағдай туғызатын деректердің кездесетінін айтып отыр. Міне, сондай деректердің фото-бейне жазбасын Telegram желісіндегі чатқа жолданса, заңға сәйкес дереу шара қолданамыз. Арнайы чатта ақпаратты, фото-видеоны анонимді түрде таратуға қатысты ұсынысты қаперге алып отырмыз», - деп мәлім етті Ерлан Биғамбаев.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы республикалық жолдарда көлік апатынан 33 адам көз жұмғанын жазған едік.
Патрульдік полиция ротасының командирі, полиция капитаны Әділбек Шахметовтің мәліметінше, жыл басынан бері жылдамдықты асырған 12 мыңнан астам жүргізуші анықталған.
«Атырау облысындағы республикалық маңызы бар жолдарда жыл басынан бері 38 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Көлік апатының салдарынан 33 адам мерт болды. Ал 57 адам әртүрлі дене жарақатын алды», - деді Әділбек Шахметов.